Ұлттық Банк коммерциялық банктерге жаңа талап қояды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөз

Енді банктер резервті капиталының бір бөлігін қаржы буферіне жинауға міндетті болады. Бұл тұтынушылық кредит секторын «салқындату» үшін қажет. Астанада өткен брифингте Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов осылай деп мәлім етті.

Банктерге қандай талап қойылды?

Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, секторда контрциклдің капитал буффері атты шара енгізбекші. Жаңа өзгеріс бойынша, банктер актив көлеміне қарай резервті капиталының 0-6%-ын қор ретінде жинауы керек.

«Бұл банктер үшін халықтың қауіпсіздік жастықшасы тәрізді. Оларға резервті капиталының бір бөлігін жинауға міндеттейді. Оның мақсаты – тұтынушылық несиенің қызып кетуінен сақтау және қаржы жүйесін түрлі дағдарыстардан қорғау», – деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.

Бұл өзгеріс 2026 жылдың бірінші сәуірінен бастап күшін енеді. Яғни банктерге қажетті резерв жинау үшін 12 ай беріледі.

Жаңа өзгерістің әсері қандай болады?

Сүлейменов жаңа шара банктерге қойылған минималды резервті талаптарға байланысты деп түсіндірді.

Минималды резервті талап (МРТ) – ақша-несие саясатындағы негізгі құралдардың бірі. Бұл талап бойынша, банк елдің орталық банкінде жоғары өтімді актив түрінде міндеттемелерінің ең минималды үлесін сақтауы керек.

МРТ көлемі ТМД елдерінде 4-4,5% түрінде, ал Қазақстанда оның көлемі әлдеқайда төмен (2%,1%,0%).

«Бізде оны нөл деңгейінде десек болады. Маусымына қарай банктерде 7-8 трлн артық өтімді активтер қалады. Артық өтімділік дегеніміз тауар немесе қызметті төлеуге жұмсалмайтын, жай ғана банк секторында тұратын актив. Ұлттық Банк оны депозиттік аукцион, нота деген құралдары арқылы азайтады. Ол үшін банктерге төлейміз яғни банктер табыс табады. Қазіргі МРТ деңгейі тек 700-800 млрд теңге яғни артық өтімді активтің 10%-ын ғана азайтуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Сүлейменовтің сөзінен түсінгеніміздей, банк секторында ешбір мақсатта пайдаланбайтын, тек тұратын артық трлн-даған қаражат бар. Минималды резерв талабы бойынша, соның өте аз ғана бөлігін резервті талап ретінде жинап қояды. Ал қалғанын экономикаға артық қысым болмас үшін Ұлттық банк сатып алуға мәжбүр.

Енді буферлі қор құрылғаннан кейін, артық өтімді активтің тағы да едеуір бөлігін қор үшін Ұлттық банкте сақтайды. Ол нарыққа инфляциялық қысым жасамайды және ол үшін реттеуші де қаражат жұмсамайды

«Экономикада айналымда болмайтын, инфляциялық қысым жасамайтын резерв түрінде тұрады», – деді Сүлейменов.

Ал резервті капиталдың бір бөлігін Ұлттық банкте сақтау туралы талап несиелендіруге әсер етпейді.

Қайта «банктер сол өтімді активті кредиттеуге жұмсау туралы бас ауыртуы керек», – дейді банк төрағасы.

Айта кетейік, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша жаңа шешім шығарып, 16,5%-ға көтерді.

Сондай-ақ оқыңыз