Қазақстанның батысында мұнай бұрғысы өртеніп жатыр

6 наурызда Атырау облысында «Ембімұнайгазға» (ЕМГ) қарасты Батыс Прорва кен алаңының N437 ұңғымасы өртенді. Кен алаңы Атырау қаласының оңтүстік-шығысына қарай 170 км жерде орналасқан.
Бұрғыдағы өрттен шыққан алау шамамен 20 метрге дейін көтерілген. Бұл туралы PetroCouncil.kz телеграм-арнасының дереккөздері хабарлады.
Мұнай кен орнындағы оқыс оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.
«Ембімұнайгаз» АҚ компаниясының баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, Батыс Прорва кен алаңының N437 ұңғымасында перфорациядан кейін құбырды түсіру кезінде кен орнынан газ шығып, соның салдарынан бұрғы істен шыққан.
«ЕМГ жедел штабы шұғыл шараларды қолға алды. Ұңғыма аумағы қоршалып, кен орнын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр», – деп хабарлайды компания.
Мәліметке қарағанда, оқиға орнында «Ақ Берен», «Семсер Өрт сөндіруші», «СОП Атырау» кәсіпорынының мамандары жұмыс істеп жатыр.
Дереккөздің мәліметінше, өрт әлі сөнген жоқ.