Қаламқастағы ереуіл: вице-министр «ҚазМұнайГаздан» жауап күтеді

Маңғыстау облысындағы Қаламқас кен орнында сервистік қызмет көрсететін компанияның 150-ге тарта жұмысшысы бір аптадан бері ереуіл өткізіп жатыр. Энергетика министрлігінің өкілі мұнай кенішіндегі наразылықтан хабардар екенін мәлімдеді.
Ереуіл талабы – жалақыны көтеру
Ереуілге шыққан жұмысшылардың айтуынша, сервистік қызмет көрсетуші компания басшылығы 2025 жылғы 1 наурыздан бастап айлықты 20 пайызға қысқарту туралы жаңа келісімшарт ұсынған. Бұған келіспеген жұмысшылар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, айлықты көтеруді талап етті. Жұмысшылар уәжін 3 наурызда жергілікті Lada.kz жариялады.
«TES Service Company» жұмысшылары айлық 180-200 мың теңгеден аспайтынын, ал азық-түлік пен қызмет бағасы күннен-күнге өсіп бара жатқанын мәлімдеді.
Министрлік хабардар
Энергетика министрлігінің өкілі Қаламқас кен орнындағы жұмысшылар ереуілінен хабардар екенін айтты.
«Хабардармыз. Ереуіл туралы білеміз. Алайда бұл мәселемен ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы айналысып жатыр. Ол өзінің мердігер компаниясымен келіссөз жүргізіп жатыр. Нәтижесін кейін білеміз», – дейді 7 наурыздағы брифингте Энергетика вице-министрі Әлібек Жаманов.
Қаламқас – Маңғыстау облысы аумағындағы ірі мұнай-газ кен орны. Оны «Маңғыстаумұнайгаз» (ММГ) кәсіпорыны игереді. Ал оның негізгі құрылтайшылары: «ҚазМұнайГаз» бен қытайлық CNPC компаниялары.
Естеріңізге сала кетейік, осының алдында «Маңғыстаумұнайгазға» қоршаған ортаға залал келтіргені үшін 32 млрд теңге айыппұл салынған.