Үкімет Бурабай курорттық аймағын дамыту үшін 137,2 млрд теңге бөлетін болды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Бурабай курорттық аймағында жаңа туристік нысандар мен демалыс орындары салынады / Фото: shutterstock

Қазақстан Үкіметі Щучье-Бурабай курорттық аймағын 2025–2029 жылдары дамытуға арналған кешенді жоспарын бекітті. Оны іске асыру үшін жалпы 137,2 млрд теңге қаржы бөлу қарастырылып отыр. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Жаңа туристік нысандар мен демалыс орындары салынады

Аймақты дамыту аясында жыл бойы жұмыс істейтін туристік нысандар салу, экологиялық және спорттық туризмді өркендету жоспарланған. Мәселен, Қатаркөл көлінің маңында балалар орталықтары, спорттық-сауықтыру кешендері мен аквапарк бой көтереді. Жүкей көлінің жанында кемпингтер, глемпингтер және жаңа туристік бағыттар ашылса, Кіші Шабақты көлінде қайық тұрағы, жағалау инфрақұрылымы мен жағажайлар пайда болады. Жалпы 118 түрлі шараны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Осылайша ел үкіметі туристік инфрақұрылымды, көлік логистикасын, қауіпсіздік жүйелерін дамыту арқылы инвестиция тартпақшы.

Қысқы туризм: Шаңғы базасы салынады

Үкімет Щучье-Бурабай курорттық аймағында қысқы демалысты да одан әрі жақсартуды көздеп отыр.  Жоспар бойынша шаңғы базасы салынады. Сонымен бірге туристерге спорттық жабдықтарды жалға беру қызметі ұсынылады. Демалушыларға арналған тамақтану орындары мен кәдесый дүкендері де ашылады.

Көлік инфрақұрылымы жаңарады

Келушілердің аймаққа жетуін жеңілдету үшін көлік инфрақұрылымы жаңартылып, визит-орталықтары бар көпдеңгейлі тұрақтар мен қоғамдық тамақтану пункттері салынады. Бұл шаралар курорттық аймақтың туристік тартымдылығын арттырып, демалысты барынша ыңғайлы етуге бағытталған.

Экономикаға әсері қандай?

Үкімет бұл жоба сәтті жүзеге асса, туристер саны 35 мыңнан 94 мың адамға дейін артады деп болжап отыр. Ал туризм саласындағы жұмыс орындарының саны 22 мыңнан 32,5 мың адамға дейін ұлғаяды деп күтілуде. Сонымен қатар жеке инвестиция көлемі 22,7 млрд теңгеге жетіп, өңір экономикасындағы туризмнің үлесі 1,4%-дан 3,5%-ға дейін өседі.

Айта кетейік, Бурабай курорттық аймағына өткен жылдың жартыжылдығында 227 935 турист келген.

Сондай-ақ оқыңыз