Артық салмақ денсаулыққа қауіп төндіретін жаһандық мәселеге айналды

Артық салмақ денсаулыққа қауіп төндіретін жаһандық мәселеге айналды. Бұл ретте Қазақстан халқының 40%-дан астамы артық салмақтың зардабын тартып отыр.
The Lancet басылымының «Аурулардың жаһандық ауыртпалығы» (GBD 2021) жобасының мамандары дайындаған есебіне сүйенсек, алдағы 25 жыл ішінде дүниежүзі халқының жартысынан көбі артық салмақ пен семіздікке шалдығады.
Жаңа зерттеулер көрсеткендей, артық салмағы бар және семіздікке шалдыққан адамдар саны бүкіл әлемде қарқынды өсіп жатыр. Мамандардың болжамынша, 2050 жылға қарай әлемдегі ересек халықтың жартысынан көбі (3,8 млрд адам) және балалар мен жасөспірімдердің үштен бірі (746 млн) қауіпті аймақта.
Қазіргі таңда 25 жастан асқан 2,11 млрд ересек адам, 5 пен 24 жас аралығындағы 493 млн бала мен жасөспірім артық салмақ пен семіздіктен зардап шегіп отыр. 1990 жылы бұл көрсеткіштер айтарлықтай төмен (731 млн және 198 млн адам) болған. 2050 жылға қарай семіздікке шалдыққан адамдар саны 360 млн-ға жетеді.
Елдер бойынша үлесі
Артық салмағы бар адамдар саны бойынша Қытай (402 млн), Үндістан (180 млн), АҚШ (172 млн) алдыңғы қатарда. Одан кейін Бразилия (88 млн), Ресей (71 млн), Мексика (58 млн), Индонезия (52 млн), Мысыр (41 млн) көш бастап тұр.
Бұл сегіз елде дүние жүзіндегі семіздікке шалдыққан адамдардың жартысынан көбі тұрады. Алдағы уақытта семіздікке шалдыққандар саны Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Латын Америкасы және Кариб бассейні елдерінде жылдам өседі деп болжанып отыр.
Көрсеткіш қарқынды өсіп келеді
Балалар мен жасөспірімдер артық салмақты ересектерге қарағанда жылдамырақ жинайды. Мысалы, табысы жоғары елдерде 1960-жылдары 25 жастағы ерлердің тек 7%-ы семіздікке шалдыққан. Ал 1990-жылдары туғандар арасында бұл көрсеткіш 16%-ға жетті. Ал 2015 жылы туғандар үшін болжам одан да жоғары – 25%.
Семіздіктің салдары
Семіздік жағдайларының көбеюі қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, гипертония және онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастар санының артуына әкеледі. Сонымен қатар әлемдегі денсаулық сақтау жүйесіне қосымша жүктеме түсіреді.
«Артық салмақ пен семіздіктің бұрын-соңды болмаған жаһандық эпидемиясы – бұл үлкен әлеуметтік мәселе әрі трагедия», – дейді зерттеу авторы, Вашингтон университетінің профессоры Эммануэла Гакиду.
Еске сала кетсек, бұған дейін кейінгі жылдар АҚШ-та қант диабеті және семіздікке қарсы дәрі-дәрмектерге деген сұраныс күрт артқанын жазған едік.