Жаңалықтар

Уолл-стрит акциялары құлдырауда. Нарыққа технологиялық компаниялар ықпал етті

Құнды қағаздар нарығына не әсер етті? \ Коллаж: kursiv.media

Нью-Йорк қор биржасында құнды қағаздар бағасы күрт төмендей бастады. Бұған себеп жаһандық облигациялар кірістілігінің өсуі, сауда соғысына қатысты алаңдаушылықтар және технологиялық компаниялар табысының аздығы деп хабарлады Bloomberg.

АҚШ-тың бас сауда алаңындағы статистика

Nasdaq 100 индексіне арналған фьючерстік келісімдер 1,2%-ға, ал S&P 500 индексінің келісімдері 1%-ға төмендеді. Marvell Technology Inc. акциялары премаркетте 15%-ға құлдырады. Себебі чип өндірушінің табысы инвесторлардың болжамдарына сәйкес келмеді. CrowdStrike Holding Inc. компаниясының да бағалы қағаздары құнсызданды. Өйткені аталған компания бұған дейінгі болжамдардан әлдеқайда төмен пайда тапқан. Чип өндіруші компаниялардың акциялары да қысымға ұшырады. Өйткені Alibaba Group Holding Ltd. өздерінің DeepSeek-ке бәсекелесін айтарлықтай төмен бағалады.

Rabobank стратегі Мэтью Кейрнстың айтуынша, облигациялар нарығындағы жаһандық күйреу күшейіп келе жатқан сауда соғысына байланысты.

Айта кететіні, АҚШ президенті Дональд Трамп Мексика мен Канададан әкелінетін импортқа тарифтер белгіледі. Әйтсе де ол автокөлік өндірушілеріне бір айға жеңілдік берді.

«АҚШ сауда соғысын бастауға оқталып отыр. Басқа елдер оған жауап ретінде қарсы шаралар қабылдайтыны анық. Бұл АҚШ-қа қосымша қысымды күшейтті», – деді Мэтью Кейрнс.

Бұл акциялар құны өспейді, халықтың табысы төмендейді дегенді білдіреді. Нәтижесінде америкалықтар кедейлене түседі.

Еуропаның қор нарығында да жағдай мәз емес

Еуропаның Stoxx 600 индексі 0,5%-ға құлдырады. Бұл Германияның жүздеген миллиард еуроны қосымша шығындарға жұмсайтыны туралы мәлімдемесінен кейін бүкіл континентте облигация кірістілігінің күрт өсуіне байланысты болды.

Германияның шығындар жоспары Bunds үшін сәрсенбідегі сауда сессиясын 1990 жылдан бергі ең нашар нәтижеге әкелді. Ал бейсенбіде бұл үрдіс жалғасып, кірістілік тағы 10 базистік пунктке өсті. Бұның әсері бүкіл Еуроаймаққа және одан тыс жерлерге таралды.

Жапониядағы 10 жылдық облигациялардың құны соңғы он жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Ал АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігі 3 базистік тармаққа көтерілді.

Инвесторлар енді Еуропа орталық банктің (ЕОБ) алдағы отырысын күтіп отыр. Онда пайыздық мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылданады деп болжануда. Сонымен қатар жиын қосымша шығындар жоспарына байланысты реттеушілердің шешімін анықтауы мүмкін.

Валюта нарығы тұрғысынан алғанда, еуро төрт айдағы ең жоғары деңгейге жақын тұр. Dollar Spot Index-і 5 наурыз күні 1%-ға төмендеген.