Lifestyle

Демалыстан кейін жұмысқа жеңіл кірісіп кетуге көмектесетін 9 кеңес

Демалыстан кейін жұмысқа жеңіл кірісу жолдары/Фото: shutterstock

Еңбек демалысы біткен соң жұмысқа қосылғыңыз келмей ме? Әбден ұйқыны қандырып, алаңсыз қыдырып үйреніп қалған соң, ертемен жұмысқа шығу оңай емес. А нүктесінен В нүктесіне баратын дүние деп қарасақ та, темп пен режим ауысқан соң, біраз күн өз-өзіңізге келе алмай жүретініңіз қалыпты. Зерттеулерге сүйенсек, демалыстан жұмысқа шыққанда адамдардың 76 пайызында күйзеліс пайда болады екен. Олай болса, негатив әсерді азайту үшін не істеу керек? Осы туралы айтайық.

1. Режимді бейімдеңіз

Айталық сіз шетелге барып демалып келдіңіз. Кеше Балиде виллада коктейль ішіп жатқан адамға ертесіне Алматының кептелісімен таң атпай жұмысқа бару оңай болмасы анық. Сондықтан уақытты жоспарлағанда осыны ескеріңіз.

Америкалық психология қауымдастығы жасаған зерттеудің нәтижесіне қарасақ, адамға демалыстан кейін дұрыс бейімделіп кетуі үшін кемінде 1-2 күн керек екен. Сол себепті жұмысқа шығарда бірнеше күн бұрын үйге оралып, өзіңізді бейімдеңіз. Әрі сол уақыт ішінде асықпай шабадандағы заттарды жинастырып, ұйқы режимін дұрыстап, жұмысқа дайындаласыз. Егер бір айдай демалып келген болсаңыз, жұмыста аптаның ортасында бастаған жақсы. Сонда сәрсенбі кірісіп, екі күннен соң қайта демаласыз. Әйтпесе, дүйсенбіде бастасаңыз, жұмаға дейін «зорығып» қалуыңыз мүмкін.

2. Жұмыста бәрін мойныңызға алып алмаңыз

Келген бетте бірден қиын шаруаларға кіріспеңіз. Harvard Business Review зерттеуіне сүйенсек, еңбек демалысынан шыққан бойда бірінші күні жұмыстағы өнімділігіңіз 40 пайызға төмендейді екен. Сондықтан алдымен жұмысты пошта тексеріп, жұмыс чаттарын шолудан бастаған жақсы. Одан соң біртіндеп бітіретін шаруаларды жоспарлап шығыңыз.

Берер кеңесіміз:

Ол үшін Айви Ли жүйесін қолданыңыз:

  • Бір күнге арналған 6 маңызды істің тізімін жасаңыз.
  • Қайсысы маңызды, соны ретімен орналастырыңыз.
  • Сол қойған ретті сақтап, «секіріп» кете бермей орындаңыз.

Сонда шашырамайсыз, жұмыс өнімді жүреді.

3. Демалыс кезіндегі ритмді бірден ауыстырмаңыз

Айтқандай, демалыстан соң жұмысқа кірісу қиын. Егер шаруаға көміліп қалсаңыз, демалыстан кейінгі синдромға шалдығуыңыз мүмкін. Барынша жұмсақ бейімделу үшін демалыста қалыптастырған кей әдеттерді сол күйі сақтаңыз:

  • Демалыста күнді таза ауада серуендеуден бастап үйренсеңіз, сол күйі жалғастыра беріңіз.
  • Демалыста ішкен шай не сусыныңызды ішіңіз. Болмаса, сол кезде тыңдаған әндерді қосып қойыңыз.

Сассекс университетінің деректері бойынша, демалыстағы жылы естеліктерді еске алған кезде кортизол (стресс гормоны) деңгейі 23 пайызға түседі екен.

4. Ұйқы режимін дұрыстаңыз

Демалыста кеш жатып, кеш тұрып үйреніп қалған боларсыз. Олай болса, жұмысқа кіріскенше, реттеп алған абзал. АҚШ-тағы Ұлттық денсаулық институты жасаған зерттеу нәтижесінде режим тым тез өзгеріп кеткен кезде «әлеуметтік джетлаг» күйі қосылып кетеді екен. Яғни уақыт белдеуі ауысқанда адам қалай есеңгіреп, шаршап қалатын болса, мұнда да сондай болады. Сондықтан жұмысқа шығарда 2-3 күн бұрын қалыпты режиміңізге оралып, ағзаңызды үйретіңіз. Ұйықтардан бір сағат бұрын гаджеттерді өшіріп қойыңыз. Әйтпесе одан тарайтын көк түс мелатонин бөлінуіне кедергі болады.

5. Алғашқы күндері мейлінше аз міндет алыңыз

Америкалық күйзелісті басқару қауымдастығы еңбек демалысынан келгеннен кейін тым жұмысқа берілсеңіз, қажып кетуіңіз мүмкін дейді. Сондықтан қалыпты күйде жұмысты жалғастыра беріңіз. Бастысы, шаруаны қопарамын деп таудай қылып үйіп алмаңыз.

Мұндайда не көмектеседі?

  • Жұмыс кезінде үзіліс алып отырыңыз. Мысалы 50 минут жұмыс істесеңіз, 10 минут демалыңыз.
  • Күнделікті күйбең тіршілікті басқаларға тапсыруға болатын болса, бөліп беріңіз.
  • Жиналыстарды ұзақ емес, қысқа-қысқа қылып жоспарлаңыз.

6. Эмоциялық адаптацияға дайындалыңыз

Көбіне демалыстан келген соң, адамдарда жеңіл-желпі депрессия басталады. Яғни дофамин деңгейі (шаттық гормоны) азайып, күніңіз сұрғылт тартқандай болып көрінеді.

Не істеу керек?

  • Алғашқы аптада көңіліңізді көтеретін дүниелер жоспарлап қойыңыз. Кафеге барыңыз, достарыңызбен кездесіңіз.
  • Жұмысқа сізге не ұнайды? Соны еске түсіріп, соған назар аударыңыз.
  • Жұмыс орныңызды жайлы қылыңыз. Демалыстан кәдесый әкелсеңіз, үстеліңізге қойып қойыңыз.

7. Демалыста демалыңыз

Көбіне демалыстан кейін күйзеліс болатын себебі — адамдар демалыста демалмайды. Gallup деректеріне қарасақ, адамдардың 55 пайызы демалыста да жұмыс істей береді. Ал 30 пайызы жұмысты ойынан шығармайды екен.

Берер кеңесіміз:

  • Жұмыс чатын өшіріп қойыңыз. Хабарламаларға алаңдамаңыз.
  • Сапардан кейін бірер күнді қалыпқа келуге деп жоспарлап қойыңыз.
  • Демалысты жоспарлаған кезде мынаны есте ұстаңыз: сіз келгенде жұмыс қызып жатпайтындай кез болғаны жақсы.

8. Жаңаша тыныспен оралыңыз

Демалған жақсы, бірақ жұмыстың да өзіндік ғажап сезімі болады. Көбіне жақсылап демалып келген соң күш пен энергияға тойып аламыз. Мұндайда өзіңізге есеп беріп, нені жақсартуға болатынын ойластырған дұрыс. Мәселен:

  • Демалыста қандай идея, ой келді — түртіп алыңыз.
  • Жұмыс процесін қалай өзгертуге болады? Жұмыс жайлы болуы үшін не істеу керек? Соны ойлап көріңіз.
  • Шама келсе, сол ойларыңызды басшылыққа не әріптестеріңізге айтып, талқылаңыздар.

McKinsey зерттеуіне сүйенсек, демалыстан кейін адамдардың 62 пайызында шабыт ашылып, мотивация молаяды. Бірақ ең жаманы — сол сезім тез өшіп қалады. Сондықтан сөнбей тұрғанда іске асыруға асығыңыз.

9. Жүктемені біртіндеп көбейтіңіз

Демалыстан кейін күнделікті жұмыстарды істеп, жаңаларын біртіндеп қосыңыз.

Ол қалай?

  • Бірінші күні қызып тұрған шаруалармен ғана айналысыңыз.
  • Екінші күні жаңа жобалар қоса бастаңыз.
  • Үшінші күннен бастап бұрынғы үйреншікті режимге ауысыңыз.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіден қалай дұрыс демалуға болатыны туралы жазғанбыз.