
Ішкі істер министрлігі қара металды жақын және алыс шет елдерге контрабандалық жолмен шығарған қылмыстық схеманы анықтады. Солтүстік Қазақстан өңірінде компания басшысы құны 170 млн теңгеден асатын металл сынықтарын пойыз және кемелер арқылы шетелге жөнелткен. Маңғыстауда да компаниялардың бірі 400 тоннадан астам металды елден әкеткен.
«Тыйымға қарамастан, еліміздің бірқатар өңірінде металл сынықтарын дайын өнім мен шикізат түрінде көрсетіп, теңіз және темір жолдары арқылы заңсыз экспортты ұйымдастырған адамдар анықталды»,– деп хабарлады ІІМ.
Мәселен, СҚО-да жеке меншік кәсіпорынның басшысы «жоғары легирленген болат» деген атпен көршілес мемлекетке теміржол арқылы қара металды жөнелтуді ұйымдастырған. Оның заңсыз әрекетін СҚО полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері анықтады.
«Тыйымды елемеген компания елден бір жарым мың тоннадан астам, жалпы құны 170 млн теңгеден асатын металл сынықтарын әкеткен. Іздеу іс-шаралары барысында металл базасының аумағында салмағы мың тоннаға жуық қара металдың сынықтары, оның ішінде шетелге жөнелтуге дайындалған жеті вагон табылды», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Дәл осындай факті Маңғыстау облысында да анықталды. Онда компаниялардың бірі Каспий маңы елдеріне теңіз арқылы қара металл жөнелтумен айналысқан. Өткен жылдың өзінде бұл компания 400 тоннадан астам металды елден әкеткен. Жедел-тергеу іс-шаралары барысында ЖШС аумағында салмағы 420 тоннадан асатын қара металдың сынықтары және көрші мемлекетке жөнелтуге дайындалған екі контейнер табылды.
«Қазіргі уақытта ІІМ ҰҚК-мен, Қаржы мониторингі агенттігімен және Бас прокуратурамен бірлесіп, қара және түсті металл контрабандасына жол бермеу, сондай-ақ алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», – деді Қуандық Алпыс.
Еске салып өтейік, Өнеркәсіп министрлігі металл сынықтары мен қалдықтарының экспортына тыйым мерзімін тағы 6 айға ұзартқан еді.