Қандай үйлер ипотекаға жарамайды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Қандай үйлер ипотекаға жарамайды
Қандай үйлер ипотекаға жарамайды/shutterstock/KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жылжымайтын мүлік Қазақстанда маңызды актив саналады. Егер ол ипотека талаптарына сай келсе, оның тартымдылығы арта түседі. Осы ретте Kursiv.media қандай үйлер ипотекаға жарамайтынын, үй алғанда неге мән берген дұрыс екенін айтып береді.

Үйдің «жасы»

Үй аларда алдымен оның салынған жылына мән берген дұрыс. Өйткені таңдаған пәтеріңіз бүгін ипотекаға рәсімдеуге келіп тұрғанымен, біраз жылда мерзімі өтіп, ипотека арқылы қайта сату мүмкіндігінен айырылып қалуыңыз мүмкін.

Отбасы банкінің баспасөз қызметі салынғанына 50 жылдан асқан үйлерді банк кепіл зат ретінде алмайтынын айтады.

Егер үйдің қабырға материалдары бетоннан (монолитті, газобетон, пенобетон, темірбетон, керамзитбетон), кірпіштен (керамикалық, силикатты, гиперпресстелген, клинкерлі, керамзитті, күйдірілген), бетон және қабыршақ тастан тұратын блоктардан (қабыршақ блок, газоблок, пеноблок, құмблок, экоблок, керамзит блок, ірі блокты, темірбетон блок, жылу блогы, тас блоктар) жасалса, онда үйдің салынған жылы несиеге өтінім берерде 60 жылдан аспауға тиіс.

Ал егер үй сазбалшықтан салынса, ондай үйлердің ипотекаға жарау мерзімі тіптен қысқарып, 25 жылға дейін кемиді.

Қабырға материалы ағаштан, ағаш бетоннан (арболит, фибролит), шпалдан жасалса, онда тұрғызылғанына 30 жылдан аспаған үйлерді ипотекаға ала аласыз.

Ипотекаға мүлде жарамайтын үйлер мен жер телімдері

  • Үй қабырғасы қаңқалы-қамысты, қаңқалы-төсемелі, жиналмалы-қалқанды материалдардан тұрғызылған үйлер;
  • Идентификациялық құжаттарында елді мекеннің атауы, көше/шағынаудан, ғимараттың/участкенің нөмірі немесе жылжымайтын мүліктің орналасуын нақты әрі күмәнсіз анықтауға мүмкіндік беретін өзге де деректер көрсетілмеген жылжымайтын мүлік;
  • Нысаналы мақсатына сәйкес, дербес жер учаскесі ретінде пайдалануға болмайтын жер учаскесінің бөліктері.

Үйдің айналасына мән беріңіз

Егер үй санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды бұзу қаупі бар қоқыс алаңына, мазарға, өлген малды көметін жерге жақын орналассса, банк ипотека арқылы рәсімдеуден бас тартады. Бұл тұста ережелердің бұзылғаны құжаттық тұрғыда расталуға тиіс.

Қазіргі уақытта «Наурыз» бағдарламасына құжат қабылдау жүріп жатса, «Алматы жастары» бағдарламасына құжат қабылдау бірер күнде басталады.

Сондай-ақ оқыңыз