Жаңалықтар

Ресей Алматыда Жириновскийдің ескерткішін қою туралы Қазақстанға ұсыныс жолдамаған

Ресей Алматыда Жириновскийдің ескерткішін қою туралы Қазақстанға ұсыныс жолдамаған
Ресей Алматыда Жириновскийдің ескерткішін қою туралы Қазақстанға ұсыныс жолдамаған / Фото: Ашық дереккөз

Ресей мемлекеттік Думасы Алматыда Владимир Жириновскийдің ескерткішін қою туралы қала басшылығына ұсыныс жолдамаған. Бұл туралы KursivMedia тілшісіне Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдік жауабы

«Алматы қаласының мәдениет басқармасына В.Жириновскийге ескерткіш орнату туралы өтініш түскен жоқ. Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия тиісті ұсынысты қарастырған жоқ», – делінген әкімдік жауабында.

Айта кетейік, осыған дейін ресейлік ТАСС басылымы Ресей Думасының бұрынғы депутаты, Алматы тумасы, марқұм Владимир Жириновскийге өзінің туған жерінде ескерткіш орнату туралы жазған. Жоспарды Ресей Думасы саясаткердің 80 жылдық мерейтойына орай ұсынған.

Жириновский деген кім?

Алматы маңында дүниеге келіп, осы қалада білім алған Жириновский жоғары оқу орнына Мәскеуге түсіп, Ресейде саяси карьера құрған. Ол Ресейдегі танымал ЛДПР партиясын басқарып, бірнеше рет Ресей президенттігіне үміткер болғанымен, әрдайым билік партиясымен Владимир Путиннен жеңіліп келген. 75 жасында қайтыс болған Жириновскийдің 80 жылдық мерейтойын атап өту туралы бұйрыққа Путин қол қойған.

2005 жылы Жириновский «Қазақстан деген мемлекет болмаған» деген сөзі үшін біздің елге кіруіне ресми түрде тыйым салынған «Персона нон грата» тізіміне қосылған. Ол бұдан кейін де бірнеше рет қазақ тілі, мәдениеті мен мемлекеттігіне қатысты даулы мәлімдемелер жасаған.