Жол ережесін жиі бұзғандарға 50% айыппұл жеңілдігі берілмейді. Заңға өзгеріс енеді

Жол ережесін жиі бұзатындар үшін айыппұл жеңілдігі берілмеуі мүмкін. Бұл туралы депутаттық сауалға берген жауабында премьер-министр Олжас Бектенов айтқан.
Премьер-министр өз жауабында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыру және жол-көлік оқиғаларымен байланысты келеңсіз зардаптардың алдын алу мақсатында талаптарды күшейту мәселесі көзделіп отырғанын айтқан. Сонымен бірге сенатор Марат Қожаевтың жол қозғалысы туралы заңнаманы жүйелі түрде бұзғаны үшін жауапкершілікті кеңейту туралы бастамасын қолдайтынын жеткізген.
Депутаттар бастамасы
Осы орайда Мәжіліс депутаттары жол ережелеріне қатысты заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтерген.
Депутаттар ұсынған заң жобасына сәйкес, жол ережесін жүйелі түрде бұзатындарға көлік жүргізу құқын уақытша тоқтату тетігі қарастырылуы мүмкін. Атап айтқанда, күнтізбелік бір жыл ішінде көлік жүргізуші 10 немесе одан да көп рет жол ережесін бұзса, ол адам жол жүру ережеріне қатысты емтиханды қайта тапсырғанша, көлік жүргізу құқығынан уақытша айырылады.
Сонымен қатар күнтізбелік бір жыл ішінде 10 немесе одан да көп рет жол ережесін бұзып, айыппұлға іліккен жүргізушілерге айыппұл жеңілдігі берілмейді.
«Бұл тәсіл жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзғаны үшін жүргізушілердің жеке жауапкершілігін арттыруға оң ықпал етеді», – делінген жауапта.
Заң жобасы негізінде көлік жүргізу құқығын тоқтату шарттарын реттеу көзделіп отыр. Қолданыстағы заңға сәйкес, көлік жүргізу құқын шектеу жүргізушіні медициналық тексеруге жіберген кезде ғана қолданылады. Ал ұсынылатын заң жобасына сәйкес, аталмыш шектеулер жүргізуші емтихан тапсыруға жіберілген кезде қолданылуы мүмкін.
Қожаев сауалы
Сенатор Марат Қожаев 13 ақпанда жол ережесін жиі бұзатындар үшін 50% айыппұл жеңілдігін алып тастауды сұрап, премьер-министрге сауал жолдаған болатын. Депутат 10 реттен артық жол ережесін бұзған көлік иелеріне теориялық емтиханды қайта тапсыруды міндеттеуді талап етіп, тіпті қажет болса, жиі жол ережесін бұзатындарды куәлігінен айыру тетігін қарастыруды сұраған.
Депутаттың айтуынша, қалталы азаматтар үшін 50% айыппұл жеңілдігі еш кедергі емес. Бай-бағландар жол ережесін бұзып, жеңілдікпен айыппұл төлеп жүре береді. Мысалы, бір азамат бір жыл ішінде 143 рет, екінші азамат 76 рет жол ережесін бұзған. Екеуі де айыппұлдарын жеңілдікпен жапқан.
«Ондай адамдар заңға, тәртіпке бағынғысы келмей, елден ерекше болғысы келеді. Ендеше, ондай адамдарға ерекше айыппұл қарастырған жөн», – дейді Қожаев.