Көктайғақ, көшкін қаупі, жаңбыр. «Қазгидрометтің» алдағы күндерге ауа райы болжамы

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
ауа райы
Қалың тұман, көктайғақ, қар көшкіні алдағы күндерге ауа райы болжамы / Фото: коллаж kursiv.media

«Қазгидромет» Қазақстанның бірнеше өңірінде дауылды ескерту жариялады. Нақты айтқанда, 11-12 наурыз күндері елдің бірқатар өңірлерінде ауа райы бұзылады.

Қар көшкіні

«Қазгидрометтің» гидрология департаметінің мәліметінше, 2025 жылдың 7-11 наурыз аралығында Үлкен және Кіші Алматы су алаптарында жауын-шашын көп түседі. Салдарынан қар жамылғысы тұрақсыз болып, қар көшкіні жүруі мүмкін.

«Көшкін жүру қаупі мүмкін болуына байланысты, қарлы беткейлерге шығу ұсынылмайды. Тауда абай болыңыздар», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Өзен деңгейінің көтерілуі

10-12 наурыз аралығында күн күрт жылып, жауын-шашын мол болады. Осыған байланысты Жамбыл облысының таулы және тау етегіндегі аймақтарында беткейлік ағынның қалыптасуы және өзендерде су деңгейінің көтерілуі күтіледі. Мұндайда су жайылып, су басу қаупі жоғарылайды.

«Су деңгейі қауіпті деңгейден асып кеткен жағдайда, өзендердің жайылма аумақтарында орналасқан елді мекендерді, шаруашылық құрылыстарды және жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі сақталады», – деп ескертеді «Қазгидромет».

Көктайғақ

«Қазгидромет» болжамына сәйкес, 11 наурызда Ақмола, Пвлодар, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында, Астана, Көкшетау және Жезқазған қалаларында көктайғақ күтіледі. Аталған өңірлерде қар жауып, жаяу бұрқасын соғып, көктайғақ болады. Сонымен бірге жел екпіні күшеюі мүмкін.

Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында қар жауып, жел екпіні күшейіп, боран соғады. Өскемен, Семей қалаларында қар, бұрқасын күтіліп, оңтүстік-батыстан соққан жел екпіні 15-18 м/с жетуі мүмкін.

Тұман

Алматы мен Жамбыл облыстарында, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында тұман болады деп болжанып отыр. Сонымен бірге аталған өңірлерде түнде және таңертеңгі уақыттарда көктайғақ болуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз