Жемқорлардан қайтарылған 21 млрд теңгеге СҚО-да су құбырлары жөнделеді

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
Су құбыры
Жемқорлардан қайтарылған қаражатқа СҚО-да су құбырлары жаңғыртылады / Фото: Another77 / shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Байлар мен жемқорлардан қайтарылған қаражатқа Солтүстік Қазақстан облысында су құбырлары жаңғыртылады. Бұл туралы депутаттық сауалға берген жауабында премьер-министр Олжас Бектенов айтқан.

Республикалық бюджеттен қандай жобалар жүзеге асырылады?

Үкімет жалпы елдің Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау секілді 9 облысында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 30 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 44,6 млрд теңге қаражат жұмсау көзделген.

Тек Солтүстік Қазақстан облысында республикалық бюджеттен 9 жоба жүзеге асырылады. Оған 11,7 млрд теңге қаражат қарастырылған.

Бұдан бөлек 4 жобаны жемқорлардан қайтарылған қаражат есебінін қаржыландыру көзделіп отыр.

«2025 жылға Арнаулы мемлекеттік қордан қосымша қаражат қарастыру бойынша шешім қабылданып, Солтүстік Қазақстан облысындағы 4 жобаны іске асыруға, қосымша 20,9 млрд теңге қарастырылды», – делінген жауапта.

Бұл қаражатқа мынадай жобалар жүзеге асырылады:
  • 2 млрд теңгеге – Соколов топтық су құбыры;
  • 2,9 млрд теңгеге – Преснов топтық су құбыры;
  • 13,2 млрд теңгеге – Булаев топтық су құбырын реконструкциялаудың 4-кезеңі;
  • 2,8 млрд теңгеге – Көкшетау топтық су құбырынан 24 елдімекеніне су тарату желілері салынады.

«Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде топтық су құбырлары желісі бойынша барлық елді мекендер 100 пайыз орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз етіледі», – делінген жауапта.

Жемқорлардан қайтарылған қаражатқа Үкімет сонымен бірге өңірлерде мектеп салып жатыр. 2025 жылы Арнаулы мемлекеттік қорға жиналған қаражатқа 28 мектеп салуды жоспарлап отыр.

Ал  2024 жылы Арнаулы мемлекеттік қор Астана қаласында, Маңғыстау облысы мен Алматы, Жамбыл өңірлерінде 25 мектеп құрылысын қаржыландырған. 2023 жылы жемқорлардан қайтарылған ақшаға 62 мектеп салынған.

Сондай-ақ оқыңыз