Жаңалықтар

Құлыбаевадан қайтарылған ҚБТУ жұмысын тоқтата ма – Саясат Нұрбек жауап берді

ҚБТУ жұмысын итоқтата ма?
ҚБТУ жұмысын тоқтатпайды / Фото: Sergey Dudikov / shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан-Британ техникалық университеті Динара Құлыбаеваның меншігінен мемлекетке қайтарылды. Енді университет қалай жұмыс істейді? Құрылымы өзгере ме? Профессорлар ауысуы мүмкін бе? Бұл сұрақтарға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жауап берді.

«Қазақ-Британ университеті мемлекетке қайтарылғаны хабарланды. Енді профессорлық құрам өзгере ме? Олардың айлығы сақтала ма? Қазіргі оқып жатқан студенттердің жағдайы не болады? Университет жабылуы мүмкін бе?», – деп сұрады журналист Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте.

Жұмысы тоқтамайды

Министр ҚБТУ жұмысын тоқтатпайтынын айтты. Жағдайдың студенттердің сабағы мен профессорлардың жалақысына теріс әсер етпейтініне әсер етпейтінін жеткізді.

«Бұл жерде университетті жабу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Университет басшылығымен біз тікелей байланыстамыз. Жұмыс жалғасып жатыр. Профессорлар дәрісін оқып жатыр. Ешқандай проблема жоқ. Тек сот шешімін күтіп отырмыз. Сол себепті университеттің кімнің бақылауына берілетіні туралы шешім әлі қабылданған жоқ», – деді Саясат Нұрбек.

Жабайы жекешелендіру

Министрлік 90-жылдары бірнеше оқу орындарының жабайы жекешелендіру тәсілімен жекенің қолына өтіп кеткенін айтты. Кейбір университеттердің стадионы, оқу корпусы, жатақханасы жекешелендірілген. Саясат Нұрбек қандай оқу орындарын мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қаралып жатқанын айтты.

«Өкінішке қарай, 90-жылдары жабайы жекешелендіру барысында бірнеше оқу орындарының мүлкі жекеге өтіп кеткен. ҚБТУ-дан бөлек Абай атындағы педагогикалық университеттің жатақханасы мен оқу ғимараты бойынша сот болып жатыр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жерлері қайтарылды. Сонымен бірге бірнеше өңірде осындай қайтару жұмыстарын бастап кетуіміз мүмкін», – деді министр.

Министр оқу орындарына қатысты жабайы жекешелендіру науқаны Астанада ғана жүргізілмегенін айтты. Қала жаңа болғандықтан, мұндай жағдайлар тіркеле қоймаған.

ҚБТУ қалай қайтарылды?

Айта кетейік, университеттің Назарбаевтар әулетінен қайтарылғаны туралы ақпарат 4 наурызда тарады.  Қаржы есептілігі депозитарийінде ЖОО-ның «Нұрсұлтан Назарбаев білім қорынан» (NNEF) қайтарылып,  «Қайтарылған активтерді басқару компаниясының» меншігі ретінде тіркелгенін туралы ақпарат жарияланды. Мұндағы «Нұрсұлтан Назарбаев білім қорының» құрылтайшысы – Динара Құлыбаева мен Галина Самарская және Асқар Нұрпейісов.

Ал 6 наурызда Құлыбаева иелік ететін қордың сотқа шағым түсіретіні туралы ақпарат тарады. Қор өкілдері нысанды дағдарыс кезінде сатып алып, сақтап қалғанын мәлімдеген.