
Қуандық Бишімбаев «Отбасы банк» қызметкерлері алған пәтерлерді қайтару туралы Назарбаевтың бұйрығын толық орындамады.
Бұл даулы оқиғаның тарихы қызық. 2013 жылы президент зор мәлімдеме жасады. Тапсырма берілді. Басшылық ауысты. Бірақ банк қызметкерлері Назарбаевтың пікірімен мүлде келіспеді. Тіпті соттасуға да дейін барды.
Банктің бастауы
Енді бұл оқиғаға егжей-тегжейлі тоқтала кетсек, «Отбасы банк» – бұрын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі деп аталды. Бұл жүйе Германияның тәжірибесінен алынды. Мақсаты – әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтардың баспаналы болуын ынталандыру.
Шынтуайтында, Қуандық Бишімбаев бұл банктің басы-қасында болды десек қателеспейміз. Бұл идеяны Назарбаевқа таныстырып, жүйенің іске қосылуына мұрындық болды.
Назарбаевтың ашуы
2013 жылы қазан айында Назарбаевтың даулы мәлімдемесінен кейін «Отбасы банкінің» алғашқы төрайымы Нұрбибі Наурызбаева отставкаға кетуге мәжбүр болды. Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі алғаш іске қосылып, пәтерлер бөліне бастаған кез еді. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Наурызбаеваны сын тезіне алды.
Назарбаев Алматыдағы «Әйгерім» тұрғын үй кешеніндегі 264 пәтердің бәрі банк қызметкерлеріне бұйырғанын айтып:
«Банкті олардың қызметкерлері үшін құрдық па?», – деп қатуланған.
Артынша сол кездегі «Бәйтерек» ҰБХ басшысы Қуандық Бишімбаевқа тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін тәртіпке келтіруді тапсырған болатын.
264 пәтер хикаясы
Айта кететін жайт, «Бәйтеректі» Бишімбаев құрылған сәттен бастап басқарды. Көп ұзамай 2013 жылы 17 қаңтарда Нұрбибі Наурызбаева банк басшылығынан кетті.
Пәтерді қайтару ісі дереу қайраңдай бастады. Өйткені 264 пәтердің 9-ына қатысты ғана әңгіме қозғалды. Басшылыққа қатысы бар 7 адам ғана «аш құлақтан тыныш құлақ» деп қайтарып беруге келіскен. Тағы екі адам қайтарып беруден үзілді-кесілді бас тартқан. Сол кезде бұл туралы Наурызбаеваның орнына келген Айбатыр Жұмағұлов мәлімдеді.
Банк қызметкерлерінің дені Наурызбаеваның отставкасын «орынтақ үшін талас» ретінде қабылдады.
Неге олай болды?
Өйткені тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі жаңа ашылған кезде, бұл туралы көпшіліктің көп мағлұматы болмады. Банк басшылығы депозит ашып, ақша жинауды, ең алдымен, қол астындағы банк қызметкерлерінен талап еткен еді. Әрине, банк қызметкерінің бәрі бірдей банкир емес, дені – қарапайым еңбеккерлер.
Басшылықтың пәрменімен болса да, ұзақ жыл қаражат жинап, Алматы секілді үй бағасы шарықтап тұрған шаһардан әзер дегенде пәтерге қол жеткізген адам одан қалай оңай бас тартсын? Әсіресе, сол кездегі «басында баспанасы болмауы», «үш жыл қаражат жинау» секілді банктің талаптарына, жалпы, заңға толық сай келіп тұрса…
Бишімбаев пен тұрғын үй банкі
Ақордадан жасалған зор мәлімдеме банк басшылығының ауысуына ғана себеп болды. Сондықтан «Бәйтеректің» бұрынғы басшысы Бишімбаев пен банктің бұрынғы төрағасы Айбатыр Жұмағұлов өздерін мұндай айыптардан сақтау үшін сақтық шарасын енгізуден әрі аспады.
Айта кететін жайт, Қуандық Бишімбаевтың «Отбасы банкімен» байланысы көп. Назарбаев пәтер дауын бекерге Бишімбаевқа тапсырған жоқ. Ол басқарған ұлттық басқарушы холдинг Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қарайтын. Тұрғын үй жинақ жүйесін енгізуге, «Отбасы банкінің» ашылуында Бишімбаевтың үлесі бар. Ол аз десеңіз, 2014 жылдан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің, қазіргі «Отбасы банкінің» Директорлар кеңесін басқарды.
2018 жылы бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев «сыбайлас жемқорлық үшін» 10 жылға сотталды.
Жұмағұлов орынтақ үшін күрестің құрбаны болды ма?
Қанша сақтық танытса да, осы банктің екінші төрағасы болған Айбатыр Жұмағұловтың да басы дауға қалды. Бұл 2020 жылы еді. Ол кезде Жұмағұлов әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының басшысы болып қызмет атқарды.
Оның жұбайы Гүлбаршын Зайырова Жұмағұловтың оған он екі қымбат көлік сыйлағанын мақтаныш көріп жазғаны әлеуметтік желіде тарады. Індет кезінде маска таба алмай, қиындыққа тап болған көпшіліктің ашу-ызасын тудырды. Жұмағұловтың өзі «бұл жазбаның он жыл бұрын жазылғанын, біреулердің әдейі қазір жариялап отырғанын айтып» ақталды. Ол да орынтақ үшін күрес екенін меңзеді.
Алайда,осы жағдайдан кейін Жұмағұлов отставкаға кетуге мәжбүр болды.
Ал 2024 жылы Бишімбаев азаматтық некедегі жары Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталды. Ол әлі күнге дейін жазаны әділ деп есептемей отыр. Ынталандыру бермеді деп түрме басшылығымен соттасты.