Lifestyle

Chevrolet-тің Қытай көліктерінен артықшылығы неде

Chevrolet мен Қытай көліктері нарықта бәсекеге түсіп жатыр./коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Chevrolet пен Қытай көліктері нарықта бәсекеге түсіп жатыр /коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Chevrolet-нің Қытай көліктерімен салыстырғанда қазақстандықтар үшін бірқатар артықшылығы бар. TRIADA autogroup автосалонының негізін қалаушы Азат Исақовтың пікірінше, өзбекстандық көліктер бәсекеге қабілетті.

Сонымен қатар өзге елдердің көліктеріне қарағанда, бірқатар басымдыққа ие. Соның бірі – бұл көліктердің елімізде құрастырылуы. Шыдамдылығы мен сервистік қызмет бағасының арзандығы да таразы басын баса түседі.

Жалпы қазақстандықтар соңғы кездері көлік саудасын қыздырып жатыр. Айталық, 2025 жылдың қаңтар айындағы дерегі бойынша, елімізде 11 252 автокөлік сатылған. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда 0,1%-ға артқан.

Chevrolet неге өтімді?

Қолжетімді әрі үнемді қала көліктері мен жол талғамайтын күшті көліктер арасында Қытай көліктері мен Chevrolet бәсекеге түсіп жатқаны анық.

Chevrolet мәшинелері Cobalt, Lacetti, Onix, Malibu секілді бағасы 6 млн мен 13 млн теңге тұратын қолжетімді көліктерді ғана емес, Tracker, Equinox, Travers, Tahoe секілді 11, 5 млн теңге мен 45,8 млн теңге аралығындағы жол талғамайтын көліктерді де ұсынып жатыр.  

Азат Исақовтың айтуынша, өзбекстандық көліктердің ұтымды жақтары бар.

«Ең алдымен, Chevrolet Cobalt-қа тоқталсақ, 2013 жылдан бері шығарылады. 12 жыл бойы Қазақстан нарығында сатылуда. Қорабы – классикалық автомат. Алты сатылы. Бұл көлікке үнемділік береді. Жанармайды көп жемейді. 100 шақырымға 8-8,5 литр шығын – Қазақстан үшін жақсы көрсеткіш. Шаруаға да ыңғайлы. Көліктің габариты көп балалы отбасыға арналған. Көп адам еркін отыра алады», – дейді маман.

Баға, сапа және жеңілдік

Оның айтуынша, соңғы төрт жылда сатылым бойынша Chevrolet автокөліктерінің рейтингі Hyundai автокөліктерімен деңгейлес. Кейбір тоқсандарда Hyundai автокөліктерінен де асып кеткен кездері бар. Өйткені автокөліктерге 4 пайыздық жеңілдетілген кредит беріліп жатыр. Сондықтан қазақстандықтар үшін ең қолайлы әрі арзан автокөлік болып тұр.

Өйткені алдын ала төлем құймайды. Ай сайынғы төлем де азырақ. Бағасы мен сапасы сай.

«Қазақстан мен Өзбекстан көршілес жатқан ел. Қосымша бөлшектері де арзан. Chevrolet автокөліктері Қазақстанда да құрастырылып жатыр. Бағасының күрт көтерілмеуі, халыққа қол жетімді болуы реттеліп отырады. Сұраныс артса, көбірек шығарылады. Коронавирус кезінде автокөліктер тапшылығы байқалды. Қазір қоймаларда автокөліктер жеткілікте деңгейде жеткізілген», – дейді Азат Исақов.

Қосалқы бөлшектерінде таңдау бар

Өзбек мәшинелері қарапайым халыққа қолжетімді. Қазақстанда құрастырылып жатқандықтан, кепілдік тұрғысынан да ешқандай кілтипан тумайды. Бұзылып жатса, сервис орталықтары бір күннің ішінде кез келген қосалқы бөлшекті алмастырып бере алады.

«Қытай көліктері секілді он бес күннен бір айға дейін күтудің қажеті жоқ. Диллерлік орталықтарда автокөліктердің қосалқы бөлшектерінің бәрі бар», – дейді маман.

Оның айтуынша, қазір қыстың көзі қырауда Қытай көліктерінің тұтқасы, сенсорлары және басқа да бөлшектері сыр беріп жатыр. Ал Chevrolet көліктерінде мұндай ақаулар кездеспейді.

Сонымен қатар Chevrolet көліктеріне көрсетілетін қызмет арзанға түседі.

«Мәселен, әр май ауыстырған сайын, қытайлық көліктердің қызметі қымбаттай береді. Chevrolet көліктеріне келсек, май, клапан ауыстыру секілді қызмет көрсетуде баға айырмасы жоқ», – дейді Азат Исақов.

Барлық автокөлік секілді 100 мың шақырымға дейін немесе үш жылға кепілдік беріледі.

Geely vs Chevrolet

Chevrolet Onix седан ғана емес, кроссовер және жол талғамайтын көліктерді ұсынып жатыр. Өзімізде – Қостанайда құрастырылады. Chevrolet адамдардың талғамына қарай кез келген автокөлік түрін ұсына алады.

«Жұрт мақтап жатқан Қытай көліктеріндегі бар опциялар Chevrolet көліктерінде бар. Тек бағасы басқаша болады. Бірақ қытай көліктерінен қымбатқа түспейді. Chevrolet қытай көліктерінен барлық жағынан кем емес. Тағы бір артықшылығы, Қазақстанда құрастылып жатқандықтан, Chevrolet көліктеріне акция жарияланып жатады. 4 пайыздық жеңілдік, бағасын түсіру және тағысын тағылар. Қазақстандықтар бұл акцияларға қатыса алады», – дейді Азат Исақов.

Оның сөзіне қарағанда, қазақстандықтар 2000 жылдан бері өзбек көліктерін мініп келеді. 25 жылдың ішінде сыр алғы көліктерге айналды. Жақсы жағынан да көрсете алады. Бұл автокөліктерге қатысты резонансты оқиғалар кездеспейді.

Такси жүргізушілері неге Cobalt-ты таңдайды?

Уақытында майын ауыстырып, күтіп ұстаса, қозғалтқыштары шыдамды. Шойын блоктардан жасалған. Техникадан аздап хабары адам моторында қандай бөлшектер барын көзбен көре алады. Тым күрделі емес. Сондықтан такси жүргізушілері Chevrolet Cobalt көлігін таңдайды.

«Өйткені, такси тынбай жұмыс істейді. Ең шыдамды көлік ретінде өзін көрсетіп отыр», – дейді маман.

Өзбекстан қосалқы бөлшектердің бәрін өздері жасап жатыр. Өзбекстанда General Motors арқасында өзбек көліктерінің фараларын жеке кәсіпкерлер жасап шығара бастады. Бамперлерін де қолға алды. Сертификаты, басқа да құжаттары бар. Бұл дубликат болып есептелінеді.

Бағасы және қолжетімділігі

Дубликат бағасы әлдеқайда төмен болады. Адамдардың қалтасына қарай, зауыттық бөлшектерді де, дубликатын да сатып алуға таңдау бар. Олардың сапасында соншалықты айырма жоқ.

Ал Қытай көліктерінің тұпнұсқалық бөлшектері қымбат. Оның үстіне табыла бермейді. Тапсырыс беріп, ұзақ уақыт күтуге тура келеді.

«Оның үстіне қытай көліктері нарыққа жаңа шықты. Өзінің артықшылықтарын әлі дәлелдеп үлгерген жоқ. Қытай көліктерінің қандай осал тұсы бар екенін ешкім білмейді. Ал өзбек көліктері қателіктерді жойып, жыл сайын жақсартылып жатыр. Ал қытай көліктерін әлі толыққанды зерттелмеген», – дейді Азат Исақов.

Америкалық J.D. Power агенттігінің қытайлық бөлімшесі ең сенімді қытай автокөліктерінің тізімін жасаған болатын.