Жаңалықтар

Айдын Рахымбаев премьер-министр Олжас Бектеновтің сынына жауап берді

Айдын Рахымбаев
Айдын Рахымбаев / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев премьер-министр Олжас Бектеновтің компания салығын жасырып қалды деген сынына жауап берді. Үкімет отырысында айтылған қаржыны БАҚ өкілдері дұрыс түсінбеген деп жазады ол өзінің парақшасында.

«Апта бойы Қаржы министрлігі мен Үкіметте кездесулер болды, болған жағдайды, құрылыс саласында қордаланған мәселелерді талқыладық. Салықтық шағымдар BI-дан қаржы алатын және арнайы салық режимін пайдаланатын мердігерлердің жұмысымен байланысты екен. БАҚ-та айтылған 11,9 млрд теңге деген соманы дұрыс түсінбей жатыр. Бұл – төленбеген салық емес, BI-мен жұмыс істейтін шағын компаниялардың жалпы айналымы. Осы айналымнан салық төленуі керек еді, бірақ ол мүлде басқа сома», – дейді ол.

Сондай-ақ Рахымбаев BI «бөлшектенеді» деген шағымға қатысты да пікір білдірді. Оның түсіндіруінше, BI құрылымында көптеген компания болуы ҚР Тұрғын үй саласындағы үлестік қатысу туралы заңға байланысты. Яғни әрбір тұрғын үй кешенін салу үшін жеке заңды тұлға ашылуы керек.

«Алаяқтықтан сақтану үшін осындай шешім қабылданды. Ұзақ жыл ішінде жүздеген үй салдық, тиісінше сонша компания болады. Бұл заңның талабы», – деді ол.

2022-2024 жылдар аралығында BI Group бюджетке 155 млрд теңге салық төлеген.

«Алдағы үш жыл ішінде салық сомасын 250 млрд теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз», – дейді Айдын Рахымбаев.

Өткен аптада премьер-министр Олжас Бектенов BI Group пен BAZIS тәрізді ірі құрылыс компанияларын салықтан жалтарды деп айыптаған.

«Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлердің барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниялары жүр», – деген еді ол отырыста.