«ҚазАвтоЖол» Еуропалық банктен алтыншы рет несие алғалы отыр

Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына тағы бір несие бермекші. Бұл туралы халықаралық қаржы институының сайтында жазылған.
Банк ұлттық компанияға 232,6 млрд теңге көлемінде қаржы бермек. Бұл қаражат жобалық және құрылыс жұмыстарына жұмсалады, сондай-ақ Ақтөбе-Ұлғайсын жолының 234 шақырымын қайта жөндеуден өткізеді. Әзірге несие беру туралы жоба қаралып жатыр, 7 мамырда бекітілуі керек. ЕҚДБ-мен қатар, Азиялық инфрақұрылымдық инвестиция банкі де қаржы бөледі.
Жоспар бойынша, Ақтөбе-Ұлғайсын автожолы екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңеюі керек. Жалпы жобаның құнын 1 млрд еуро деп бағалап отыр. Негізгі төрт аумаққа бөлінген. Ақтөбе-Ажар (28 шақырым), Ақжар-Хромтау (28 шақырым, құрылыс кезеңінде), Хромтау-Белқопа (108 шақырым) және Белқопа-Ұлғайсын (98 шақырым).
Inbusiness есептеуінше, бұл жоба «ҚазАвтоЖол» мен Еуропалық банк арасындағы алтыншы несиелік келісім. Бұған дейін 2024 жылы «ҚазАвтоЖол» Дүниежүзілік банк пен Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 1,3 млрд доллар инвестиция тартқан. Ол қаражат Қарағанды-Жезқазған автожолының жөндеу жұмыстары үшін алынған. Ал өткен жылы күзде «ҚазАвтоЖол» Азиялық даму банкінен Қызылорда-Жезқазған автомагистралін қалпына келтіру үшін 291,5 млн доллар алады деп хабарланған еді.
Компанияның қаржы есебіне сүйенетін болсақ, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында «ҚазАвтоЖолдың» ЕҚДБ алдында 180 млрд теңге, Азиялық даму банкі алдында 64 млрд теңге, Қытай Эксимбанкке 723 млрд теңге және Еуразиялық даму банкі алдында 47 млрд теңге ұзақ мерзімді кредиті болған. Бұл қарыздың басым бөлігін 2034-2039 жылдар аралығында төлеуі қажет.
«ҚазАвтоЖолдың» ақылы жолдардан табыс табатынын да ескеру керек. 2024 жылы одан түскен кіріс 399 млн теңгені құрап, таза пайда 32%-ға артқан. Бірақ шығын да аз емес. Былтыр жол инфрақұрылымын жаңалауға, жөндеу жұмыстарына және жол техникасын сатып алуға 47,4 млрд теңге бөлінген.