Solidcore Resources 25 млн долларға Тоқтар алтын кен орнын сатып алады

Solidcore Resources Қазақстан солтүстігіндегі Тоқтар, Оңтүстік Тоқтар және Барамбай кен орындарын сатып алмақшы. Бұл туралы Solidcore сайтында жазылған.
JORC Кодексіндегі мәліметке сүйенсек, Тоқтар мен Оңтүстік Тоқтардың ресурсы 1,1 млн унция алтын деп бағаланады.
Келісімшарты бойынша, бірінші кезеңде Solidcore жобаның 51% үлесін 25 млн долларға сатып алады. Тоқтар мен Оңтүстік Тоқтардағы қорға барлау жүргізілгеннен кейін, 23%-ын сатып алмақшы. Барамбай аумағындағы қорға тексеріс жүргізген соң, тағы 26%-ын иеленеді. Кен орындарын сатушылар қайта өңделген кен көлеміне негізделген қосымша сыйақы алады.
Келісімнің бастапқы 51% үлесін сатып алу 2025 жылдың III тоқсанына жоспарланған. Ал келесі 12 ай ішінде Solidcore геологиялық барлау жұмыстарын бастау үшін жобалық құжаттаманы дайындайды.
Жоспарға сәйкес, Тоқтар және Оңтүстік Тоқтар бойынша қорларды бағалау 2027 жылдың соңына дейін, ал Барамбай бойынша 2028 жылдың соңына дейін аяқталуы керек. Кен орындарынан шығарылған алтын Варваринск флотациялық фабрикасында өңделеді, кейін Ертіс гидрометаллургиялық комбинатында (ЕГМК) қосымша өңдеуден өтеді.
Тоқтар кен орны Solidcore-ға не үшін қажет?
Тоқтар және Оңтүстік Тоқтар кен орындары Solidcore Resources-тың ресурстық базасын кеңейту үшін қажет.
«Тоқтарды сатып алу Solidcore стратегиясына сәйкес келеді, өйткені ол Варваринск хабының ресурстық базасын кеңейтеді және жұмыс мерзімін ұзартады. Қосымша инфрақұрылымға үлкен шығынсыз жылдам дамуға мүмкіндік береді. Компанияның қайта өңдеу тәжірибесін тиімді пайдалануына және ЕГМК-ға қосымша шикізат көзі ұсынуға жол ашады», – деп жазылған компания хабарламасында.
Тоқтар кен орнының аумағы 7,5 шаршы шақырымды құрайды. Ең алғашқы барлау жұмыстары 1972-1996 жылдар аралығында жүргізілген. Одан кейін 1991-1995, 2006-2008 жылдар аралығында Тоқтарда, 2017-2023 жылдар аралығында Оңтүстік Тоқтарда тотыққан кен өндірілген.
2023 жылы JORC қағидасына сай Тоқтар кен орнындағы минералды ресурстарға барлау жүргізіліп, 209 мың унция алтын бар екенін анықталды. Ал 2019 жылдағы есеп бойынша, Оңтүстік Тоқтардағы минералды ресурс 886 мың унция алтын құраған. Әзірге Барамбай кен орнына барлау жүргізілген жоқ.
Бұған дейін Solidcore Resources Еуразиялық даму банкінен 100 млн доллар несие алған. Оның алдында БанкЦентрКредиттен жеті жылға дейін 60 млн доллар кредит алуды жоспарлаған еді.