Электр қуаты тағы қымбаттайды: енді KEGOC тарифті көтермек

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстанда электр қуаты тарифтері тағы көтеріледі / коллаж: kursiv.media

Қазақстанда электр қуаты тарифтері тағы қымбаттағалы жатыр. Себебі KEGOC компаниясы тарифтерін өзгертуді көздеп отыр.

«Тұтынушыға айтарлықтай әсері жоқ»

Бүгін, 11 наурызда, KEGOC компаниясы тарифтерді реттеу жөнінде қоғамдық тыңдау өткізді. Компания сайтында жарияланған мәліметте «тарифтерді өзгерту жобасы талқыланғаны» айтылған.

KEGOC тарифтерді өзгертудің бірнеше себебін атаған:

  • стратегиялық тауарлар құнының өзгеруі;
  • бекітілген инвестициялық бағдарламаларға түзету енгізілуі;
  • жұмысшылардың орташа айлық жалақасының өзгеруі.

Компания тарифті өзгертудің басты себебі деп Энергетика министрлігінің 2025 жылғы 1 ақпаннан бастап электр қуаты тарифтерінің шекті мөлшерін көтеруін атаған. Атап айтқанда, электр қуатының құны 1 кВт/сағ құны 13,1 теңгеден 24,68 теңгеге дейін көтерілді. «Соған байланысты шығын көбейіп, KEGOC тарифтері өсті» деп хабарлайды компания.

Алайда KEGOC тарифті көтеру тұтынушылардың бар болғаны 1,5-2%-на ғана әсер етеді деп отыр.

Үкіметтің электр қуаты тарифтерін көтеруі

Естеріңізге сала кетейік, энергетика министрі жаңа тарифтер туралы жарлыққа биыл 27 қаңтарда қол қойып, жарық бағасы 2025 жылғы 1 ақпаннан бастап көтерілген. Сол кезде министрлік өкілі тариф не себепті өскенін былайша түсіндірген:

«Биыл 1 ақпаннан бастап станциядағы тарифтер 20%-ға өсті. Оған әуелі шикізат тарифтерінің өсуі себеп болды. Көмір, басқа да қосымша бөліктер қымбаттады, инфляция жүріп жатыр. Екіншіден, станциялардағы жалақыны көбейтіп жатырмыз. Өйткені кадр тұрақтамайды. Білікті маманның орташа жалақысын 400-420 мыңға жеткіздік. Ол да тарифке әсер етеді», – деген энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

Былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылым дамытуды тапсырып, тарифтер көтерілетінін ескерткен.

Сондай-ақ оқыңыз