Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» арабтың ADNOC компаниясын Қазақстанға инвестиция құюға шақырды

ҚМГ басшысы Әмірліктердің ірі мұнай-газ компаниясын Қазақстанға шақырды / фото: t.me/kmgpress

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Асхат Хасенов АҚШ-қа жұмыс сапары барысында Abu Dhabi National Oil Company (ADNOC) Бас директоры Сұлтан Ахмед Әл Джабермен кездесті.

ҚМГ мәліметінше, кездесуде тараптар геологиялық барлау саласындағы өзара
тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Хасеновтің айтуынша, ҚМГ геологиялық барлау жобаларына инвесторлар тартты.

«ҚазМұнайГаз» болашағы зор үш жаңа жоба дайындады.

Әңгіме барысында ADNOC компаниясының әлемде көшбасшы екені айтылды. Сонымен бірге энергетика, ақпараттық технологиялар саласында ынтымақ болу мәселелері қаралды.

Асхат Хасенов ADNOC компаниясын Қазақстанның мұнай-газ саласының жаңа жобаларына инвестиция құюға шақырды.

«ҚазМұнайГаз бен Abu Dhabi National Oil Company серіктестігі жобаларды жүзеге асырудың тиімділігін едәуір арттырып қана қоймай, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін, — деді ҚМГ басшысы.

ADNOC — 1971 жылы құрылған, Абу-Даби үкіметіне толық тиесілі әртараптандырылған жетекші энергетикалық топ. Компанияның интеграцияланған кәсіпорындар желісі энергетика саласының құны жоғары өнімнің барлық тізбегін қамтиды. ADNOC әлемде мұнай-газ өндіретін ең ірі компаниялардың бірі ретінде танымал.