Жаңалықтар

Қызылордада Құмкөл мұнай кенішінде өндірістік жолды қарғын су шайып кетті

Арысқұм-Қызылқия өндірістік жолын су басты / фото: petrokazakhstan.kz

Қызылорда облысында Құмкөл мұнай-газ кен орнындағы Арысқұм-Қызылқия өндірістік жолын қарғын су шайып кетті. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлайды.

Телеарнаның мәліметінше, биыл Сыр өңірінде қалың қар жауып, көктемгі жауын-шашынның салдарынан сай-сала суға толды. Қыр беткейден аққан толассыз су мұнайшылар қатынайтын ішкі жолдың 15-шақырымын бұзып-жарып өткен.

Қазіргі газ өндіретін кеніштерге қатынас қиындады. Айналаға жайылған судың екпіні қатты. Тіпті кен орнындағы жұмысшылардың қалашығына дейін жетіп, жолдың екі жағында су кілкіп тұр.

Бірер күн бұрын қар мен жаңбыр суы осы өңірдің Қармақшы ауданы Жосалы кентіне де еніп, халық біршама әбігерге түскен.

Құмкөл мұнай-газ кен орны Қызылорда қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 150 шақырым жерде орналасқан. Кенішті «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы өндіреді.