Жаңалықтар

«Костенко» ісі: аман қалған кенші апат болған күнді еске алды

Костенко ісі
Қарағанды сотында «Костенко» ісі басталды/ Kursiv.media, Айгерім Таубай

2023 жылдың қазанында Қарағандыдағы «Костенко» шахтасында апат болып, 46 кенші қаза тапты, отызға тарта адам жарақат алды. Апат кезінде жарақат алғандардың бірі – Уатай Бралин. Ер адам шахтада 40 жыл жұмыс істеген, биыл күзде зейнетке шығады. Апаттан кейін оған екінші топтағы мүгедектігі бар деген статус берілген. Ер адам KursivMedia тілшісіне шахтадағы апат, сот процесі және мүгедектігі бар деген статусты қалай алғаны туралы айтып берді.

«Костенко» шахтасындағы апат кезінде Уатай Бралиннің омыртқасы мен алты қабырғасы сынған. Есту қабілеті нашарлап, сөйлеуінде кемшілік, тұтығу пайда болған.

«Тыныс ала алмай қалдым, жерде жаттым. Омыртқам сынған. Алты қабырғам сынды. Ми шайқалған. Газға, метанға уландым. Көп шаң жұтып қойғанмын. Жарақат алғандардың көбі газға уланған. Ішінде сүйегі сынған 3-4 адам бар. Апаттан кейін 10 күн ауруханада жаттым, одан көп ұстамайды. Содан кейін өзім жүріп-тұра алмай жарты ай үйімде жаттым. Қазір невропатологқа барып тұрамын», – деп еске алды ер адам.

Уатай Бралин «мүгедектігі бар» деген статусты 7 ай жүріп алған.

«Көп уақыт керек. Екінші топтағы мүгедектігі бар деген статус бір жылға берілді. Келесі айда қайта тексереді. Бұл статусты алып тастауы да немесе үшінші топқа ауыстыруы да, өзгеріссіз қалдыруы да мүмкін», – дейді ол.

Сот процесі басталды

Апатқа байланысты қозғалған іс бойынша 10 адамға қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай) негізінде айып тағылған. Істі Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы сотының судьясы Бахтияр Ақанов қарайды.

Тағылған айып бойынша ең жоғары жаза мерзімі – 8 жыл. Уатай Бралин 10 сотталушының бәрін мұндай мерзімге бас бостандығынан айырмайды деп санайды.

«Инженерлер түнгі уақытта жұмыс істемейді. Адам өмірін сақтауға директор жауапты. Сотталушылар бір жылдан аса уақыттан бері қамауда отыр. Үкім шыққан кезде тергеу изоляторында отырған уақыты да есептеледі деп ойлаймын», – деп түйіндеді ер адам.

Айта кетейік, іс бойынша басты сот талқылауы тергеу изоляторы ғимаратында 12 наурызда басталуы керек еді, алайда бірден 13 наурыз сағат 09:00-ге шегерілді. Бұған сотталушылардың бірінің адвокатының сот отырысына келмегені себеп болды.

2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Костенко» көмір шахтасындағы жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты, 28 кенші жарақат алды. Осы апаттан кейін президент Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Бұл қайғылы оқиғадан соң елде 29 қазанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.