«Әкем тірі деп үміттендім»: «Костенкода» қаза тапқан кеншілердің туыстары соттан не күтеді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Костенко ісі
«Костенкода» қаза тапқан кеншілердің туыстары/kursiv.media, Айгерім Таубай

Қарағанды қаласында «Костенко» шахтасындағы апаттан қайтыс болған кеншілердің туыстары сот өтіп жатқан мекемеге жиналды. Олар қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылған. Қолдарына марқұм туыстарының фотосын ұстап келгендердің арасында қыз-келіншектер мен егде жастағы әйелдер бар. Сот отырысына қатысқан KursivMedia тілшісі марқұм кеншілердің туыстарымен әңгімелесіп, сотталушыларға тағылған айыпқа қатысты пікірін білді.  

«Артында баласы қалды»

Шахтадағы апат кезінде ұлынан айырылғандың бірі – Галина Викторовна. Ол өзінің 30 жылдан аса уақыт «Қазақстан» шахтасында жұмыс істегенін, кейінгі жылдары ұлы да осы салада еңбек еткенін айтты.

«Мен қызмет еткен жылдары қаншама жазатайым оқиға болды, бірақ ешқайсысында ешкімді соттаған емес. Бұл – сот өтіп жатқан үшінші не төртінші жағдай. «Ленин», «Қазақстан» шахтасындағы жағдайдан кейін «Костенкодағы» оқиға болды. Резонанс басталды. Сотталушылар шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығады деп уайымдаймын», – дейді Галина Викторовна.

Айтуынша, марқұм ұлы Юрий Половинка бастапқыда «Қазақстан» шахтасында жұмыс істеген, ол жерде өрт шыққан соң, «Костенкоға» ауысқан.

«Артында 7 жастағы ұлы қалды. Қазір 9-ға келеді. Ерекшелігі бар. Ұлым жұмысына қатысты шағымданған емес, еңбекқор болды. Бізге ауыр затты тіпті жоғары қабатқа көтеруге рұқсат бермейтін, өзі көмектесетін. Енді қолқанатымыз жоқ. Қартайғанда арқа сүйер азаматсыз қалдық», – дейді әйел.

«Ештеңе ұл-қызымның әкесін қайтармайды»

Жақынынан айырылғандардың бірі – Тілеу Жанзақова. Үш баламен жесір қалған әйел кінәлілер жауапқа тартылуы керек екенін айтады.

«Өткен сот отырысында адвокаттар айыпталушыларға қатысты қамақта ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Бәріміз қарсы болдық. Басшылар қоластындағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. Кінәлілер жауапқа тартылады деп сенемін. Қазір де бәріміздің туыс-танысымыз, достарымыз шахталарда еңбек етіп отыр. Олардың жақындары, кәмелетке толмаған ұл-қыздары, егде жастағы ата-аналары бар. Олардың біздің басымыздан өткенді көргенін қаламаймыз», – дейді әйел.

Әңгіме барысында Тілеу 2023 жылы қайғылы оқиға болған күнді де еске алды.

«…Маған сол жерде жұмыс істейтін таныстарым хабарласты. Апат болды деді, бірақ нақты не болғанын айтпады. Бірден шахтаға бардық. Мәйітін жерге шығарғаннан кейін, алдымен достары және бауырлары көрді. Күйеуімнің мәйіті екеніне көз жеткізу үшін мені мәйітханаға апарды. Бұл жағдайдан кейін көмек көрсетіп жатыр, бірақ ол үш баланың әкесін қайтармайды. Ата-анасына ұлын, балаларыма әкесін, маған күйеуімді қайтара алмайды», – дейді әйел.

«Әкем тірі деп үміттендім»

Қарағандылық Екатерина «Костенкодағы» апат кезінде әкесі Виталий Мордасовтан айырылған. Авария болды дегенді естігенімен, соңына дейін әкесі тірі деп үміттенгенін айтты.

«Әкем 30 жыл шахтада жұмыс істеді. Апат болғанын естігеннен кейін, 28 қазан кешке дейін әкем тірі деп үміттендім. Жер астынан алып шығады деп сендім. Апат туралы әуелі анам естіген. Таңертең бұл хабарды алған бойда анам мен інім шахтаға барды. Кешкі тоғызға дейін хабар болмады», – дейді Екатерина Мордасова.

Ол сотқа тартылғандардың қызметкерлердің қауіпсіздігіне жауап бергенін, бірақ олар өз міндеттемелерін орындамаған деп санайтынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз