Жаңалықтар

Chevron мен Exxon Mobil сынды ірі инвесторлар жаңа кен орындарын барлауға қатыса ма

инвестор
Фото: Kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Chevron мен Exxon Mobil сынды компаниялар жаңа кен орындарын барлауға қатысуы мүмкін. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Хьюстон (АҚШ) қаласында өткен CERAWeek 2025 конференциясы барысында бірқатар инвестормен келіссөз жүргізген.

Бұл жиында министр Chevron Corporation төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уирт, сондай-ақ Exxon Mobil Corporation аға вице-президенті Джон Уиланмен кездескен.

Кездесу барысында осы мұнай-газ компанияларының Қазақстандағы жаңа геологиялық барлау жобаларына қатысу перспективалары қарастырылды. Жалпы Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация Chevron, ExxonMobil, Shell, Eni және Honeywell басшылығымен бірқатар келіссөз жүргізді.

Министр Теңіздегі болашақ кеңейту жобасының жүзеге асырылуы мен Қашағандағы мұнай өндіру көлемін ұлғайту жоспарына назар аударған.

Осы кездесулерде Қазақстандағы қазіргі жобалар мен ұзақмерзімді әріптестік мәселелері қарастырылды. Басты тақырыптар қатарында көмірсутектер өндіру көлемін нақтылау, газ өңдеу қуаттарын дамыту, геологиялық барлауға инвестициялар тарту, озық технологияларды енгізу және жаңартылатын энергия көздерін дамыту болды.

Ал Shell компаниясының бас атқарушы директоры Уаэль Сауан және Eni S.p.A компаниясының бас операциялық директоры Гвидо Брускомен өткен кездесулерде газ стратегиясына басымдық берілді. Атап айтқанда, ішкі нарық пен сұйытылған көмірсутек газын өндіруді қамтамасыз ету үшін жылына 4 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысының жобасы қаралды.

Қазақстанда сұйытылған газ дәстүрлі түрде автокөлік отыны ретінде қолданылады, алайда Энергетика министрлігі автогаз бағасын кезең-кезеңімен өсіруді жоспарлап отыр. Бұл шешім газ-химия өндірісі үшін шикізат қорын босатуға бағытталған.

«Қазақстан энергетика саласына озық технологиялар мен инвестициялар тарту үшін барлық жағдайды жасап отыр. Біз саладағы әлемдік көшбасшылармен ұзақ мерзімді әріптестікке мүдделіміз және еліміздің тұрақты дамуына әрі жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететін ауқымды жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді Сәтқалиев кездесулердің қорытындысы бойынша.

Айта кетейік, қаңтар айының соңында Теңіз кен орнын игеріп жатқан «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы тәуліктік мұнай өндіру көлемін рекорд орнатып, 870 мың баррельге дейін жеткізген болатын. Бұл 2024 жылдың орташа деңгейімен салыстырғанда 45%-ға жоғары көрсеткіш.

2025 жылы Теңіз кен орнына салынатын инвестиция көлемі 533 млн долларды құрайды.