
2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан тұрғындарының банк депозиттеріндегі жинақ ақшасы 24,5 трлн теңгеге жетті. Алайда зерттеулер қазақстандықтардың төрттен бірінің ешқандай депозиті жоқ екенін анықтаған.
Әр төртінші адамның жинақ қоры жоқ
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) «Elim» маркетингтік және әлеуметтік зерттеу институтымен бірлесіп, 4000 адамның арасында сауалнама жүргізген. Соған сәйкес, қазақстандықтардың 27,6%-ының мүлде жинақ ақшасы жоқ. Ондай азаматтар негізгі табысын тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсайды. Ал жинақ ақша топтауды үлкен жеңіс ретінде қарастырады.
Жастар теңгеге сенеді
Зерттеуге сәйкес, жастардың 80,2%-ы ақшасын теңгеде сақтауды жөн көреді. Ауыл жастары арасында бұл көрсеткіш 85,5%-ға жетеді. Олар негізген депозиттердің пайыздық мөлшерлемесін және ақшаны шынайы керек кезде шешіп алу мүмкіндігін қарастырады.
Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, халықтың 12%-ы жинақтарын АҚШ долларында, ал 2,5%-ы басқа шетел валюталарында сақтайды.
Депозит таңдау кезінде респонденттер негізінен: пайыздық мөлшерлеме (46,5%), ақшаны еркін шешіп алу мүмкіндігі (35,3%), банктің беделі (32%), мобильді қосымшасының ыңғайлылығы (23%), сондай-ақ бонус, кешбэк және жеңілдетілген несие шарттарына (13%) назар аударады
Депозиті жоқ азаматтардың арасында 17,7%-ы қаражаттарын банк карталарында сақтаса, 13,1%-ы жылжымайтын мүлікке инвестициялайды, 4%-ы қолма-қол ақша түрінде ұстайды, 1,2%-ы бағалы металдар сатып алады және небәрі 0,3%-ы құнды қағаздарға инвестиция құяды.
Депозиттерді қорғау жүйесі
Казақстанда банк жойылған жағдайда, салымшыларға Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры арқылы әрбір жеке тұлғаға кепілді өтем төленеді. Олар:
- Шетел валютасындағы салымдар – 5 млн теңге;
- Теңгедегі жинақ салымдар – 20 млн теңге;
- Басқа түрдегі теңге депозиттері – 10 млн теңгеге дейін.
Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, 42%-ы ҚДКБҚ кепілдігі туралы жақсы біледі. Банк менеджерлері негізгі ақпарат көзі ретінде саналады.