
Қасиетті Рамазан – мұсылман қауымы үшін рухани тазару, сабырлық пен мейірімділік айы. Бұл айда әрбір жасалған жақсылық еселеніп жазылады. Сондай сауапты амалдардың бірі – аузы берік жандарға ауызашар беру. Алайда соңғы уақытта еліміздегі бірқатар мейрамхана, кафе және дәмханалардың иелері ауызашар мәзірінің бағасын тым қымбат ұсынып, халықтың наразылығын тудырып жатыр.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ауызашар өткізудің әдебіне қатысты арнайы мәлімдеме жасады. Басқарма мейрамхана, кафе, тамақтану орындарының иелеріне халыққа қолжетімді, қарапайым мәзір ұсынуға шақырды.
Ауызашар – сауапты амал, бәсекелестік емес
Ислам дінінде ауызашaр беру – сауабы мол, үлкен игі іс. Бірақ ҚМДБ мәлімдемесінде ауызашарды ас та төк ысырапқа айналдыру, дастарқанды байлық пен бәсекеге құру дұрыс еместігі баса айтылды.
Ауызашaр беруде шектен тыс ысырапқа жол бермеу, қарапайымдылықты сақтау және мұқтаж жандарға көбірек көңіл бөлу қажет.
Ауызашар дастарқаны қандай болуы керек?
1. Қарапайымдылық
- Дастарқанды тек қажетті әрі жеңіл тағамдармен жабдықтау.
- Өте қымбат мәзірлерден бас тартып, қарапайым әрі қолжетімді ауызaшар ұйымдастыру.
2. Ысырапқа жол бермеу
- Тамақты шектен тыс көп алып, кейін оны ысырап етпеу.
- Ауызашарға арналған тағамдарды қажет мөлшерде дайындау немесе қалдықтарын мұқтаж жандарға тарату.
3. Мұқтаж жандарға көңіл бөлу
- Ауызашарды тек таныстар мен жақындарға ғана емес, шын мұқтаж жандарға да арнау.
- Жетімдерге, қарттар мен аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету.
ҚМДБ ұсынысы
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мейрамхана, кафе, тамақтану орындарының иелеріне халық үшін қолжетімді мәзір жасауды ұсынды. Бұл әрбір адамға ауызашар жасауға мүмкіндік береді және Рамазан айының шынайы рухына сай келеді.
Ауызaшар – бәсекелестікке, ысырапқа емес, адамдардың жүрегіне жылулық сыйлайтын, сауапқа негізделген игі амал. Сондықтан әрбір мұсылман ауызашар ұйымдастыруда қарапайымдылықты сақтап, мұқтаж жандарға көмектесуге ұмтылғаны жөн.
Айта кетейік, бұған дейін Kursiv Media Алматыда ауызашуға болатын арзан мейрамханалардың тізімін жасаған еді.