
Қазақстандағы ерте жүктілік, зорлық-зомбылық және балалардың құқықтарының қорғалмауы қоғамда үлкен мәселе ретінде қалыптасып отыр. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Сенат депутаттарының қатысуымен дөңгелек үстелде жантүршігерлік бірнеше жағдайларды айтып берді.
Кәмелетке толмаған қыздың оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді
Омбудсменнің айтуынша, Келес ауданында 13 жасында зорлық-зомбылық құрбаны болған қыз бала босанған. Жыл басынан бері мектепке мүлде бармаған. Ең сорақысы, мектеп директорының орынбасары бұл жағдайды білгенімен, ешқандай шара қолданбаған, оны кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға да хабарламаған.
«Бұл – жүйедегі үлкен олқылық, себебі балалар өздеріне қарсы қылмыс жасалып жатқанын түсінбеген, біраз уақыт бойы зорлық-зомбылыққа шыдап келген. Тіпті, олардың айналасындағы ересектер де бұл жағдайға немқұрайлы қараған. Біздің ең басты міндетіміз – әр баланың қауіпсіз ортада өсуін қамтамасыз ету», – деді Динара Зәкиева.
Қамқоршылық органдарының қызметкерлері жетіспейді
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл бұл мәселелерді болдырмау үшін Қазақстанда қамқоршылық органдарының қызметкерлерін көбейту керек екенін айтты.
«Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, 5 мың балаға кемінде 1 қамқоршылық қызметкері болуы керек. Бірақ Сарыағаш ауданында қазір 58 мың балаға бар болғаны 1 маман жұмыс істейді. Бұл – өте үлкен жүктеме, қызметкердің өзі балалардың құқықтарын толыққанды қорғай алмай жатқанын айтып отыр», – деп атап өтті омбудсмен.
Мәселені шешу үшін қандай шаралар қажет?
Динара Зәкиева мемлекеттен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылымдарды күшейтуді, қамқоршылық қызметкерлерінің санын арттыруды және жергілікті биліктің жауапкершілігін күшейтуді талап етті.