Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили 9 жылға сотталды

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили мемлекеттік қаржыны жымқыру ісі бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы «Эхо Кавказа» хабарлады.
Тбилиси қалалық соты оны 2009-2012 жылдары президенттік қызметте болған кезінде бюджет қаражатын жеке қажеттіліктеріне жұмсады деп таныды. Айыптауға сәйкес, Саакашвили мемлекеттік қаржыға қымбат костюм мен пальтолар сатып алып, қол сағаттар алған, ұлын шетелде оқытқан, косметикалық процедуралар жасаған, сондай-ақ элиталық көліктер мен жеке ұшақтарды жалға алған.
Экс-президент бұл айыптауларды жоққа шығарып, істің саяси астары бар екенін бірнеше рет мәлімдеген.
Айта кетейік, қазір Саакашвили 6 жылдық түрме жазасын өтеп жатыр. Бұған дейін ол екі басқа іс бойынша сотталған:
- Сандро Гиргвлианидің кісі өлтіруіне қатысы бар адамдарды заңсыз рақымшылық жасау ісі,
- Депутат Валери Гелашвилиді соққыға жығу ісі.
Жаңа үкімге сәйкес, оның жаза мерзімі 1 қазан 2021 жылдан бастап есептеледі. Осылайша, бостандыққа 2030 жылы шығады.
Михаил Саакашвили 2021 жылдың 1 қазанында Грузияға оралғаннан кейін ұсталды. Елдің қазіргі билігі оны ақтау немесе рақымшылық жасау мүмкіндігін толығымен жоққа шығарды.