
Декреттегі аналарға берілетін жәрдемақы мерзімі 3 жылға дейін ұзартылуы мүмкін бе? Бұл сұраққа премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Мәжіліс кулуарында жауап берді.
Вице-премьер бюджетте ақша болса, бұл мәселені қарастыруға болатынын айтты. Сонымен бірге 2 жыл бұрын бұл мерзімнің 1,5 жылға дейін ұзартылғанын, қазіргі таңда бұл мерзімді ұзарту мәселесі қарастырылмайтынын жеткізді.
«Ақша бар болса, әрине, берілер еді. Қоғамда мүгедектер мен олардың күтімімен айналыстын адамдар бар. Олар жұмыс істемейді. Сондықтан ақшаны мұқтаж адамдарға бөліп төлеген дұрыс. Қаражат көбейсе, бұл мәселені қарастыруға болар еді. Мәселе сонда болып тұр», – деді Көшербаев.
Айта кетсек, күзде Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден бала күтіміне төленетін жәрдемақы төлемін жылға дейін созуды ұсынған болатын. Сонымен бірге Скандинавия елдерінің тәжірибесін негізге ала отырып, әйелдердің жұмыс күнін қысқартуды да ұсынды. Айтуынша, бұл аналардың бала тәрбиесімен айналысуына мүмкіндік береді.