Жаңалықтар

Онлайн танысудың қаупі. ІІМ өкілі жасөспірімдердің педофил тұзағына қалай түсетінін айтты

онлайын таныстық
Лепеха интернет арқылы таныстық соңы көбінде зорлыққа ұласатынын айтты / Фото: shutterstock, коллаж; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Интернет арқылы таныстық соңы көбінде зорлыққа ұласып жатады. Бұл туралы Сенат комитетінің отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты.

ІІМ өкілі қазіргі таңда виртуалды танысу жағдайларының жиілеп кеткенін айтып, танымайтын адамдармен танысудың қаупі жоғары екенін ексертті.

«Қазіргі таңда виртуалды таныстық белең алып барады. Бұл мәселе қазіргі күннің ең үлкен проблемасына айналып отырғаны жасырын емес. Көп жағдайда жасөспірімдер интернет, әлеуметтік желілер арқылы танысып, салдарынан жыныстық қылмыстардың құрбаны болады», – деді ІІМ өкілі.

Игорь Лепеха қауіптің алдын алу мақсатында ата-аналарға сақтық танытып, баланы кішкентайынан цифрлық сауаттылыққа және интернет кеңістігіндегі мәдениетке үйретуді ұсынды.

ІІМ теріс мазмұндағы 19 мыңнан интернет ресурсын анықтаған. Соның 2 мыңға жуығы порнографиялық мазмұндағы контент. Кибер бақылау арқылы осындай 8 мыңнан астам ресурс бұғатталған.

Лепеха сонымен бірге қоғамдық орындарда, көшеде, аулада қауіпсіз мінез-құлық ережелерін сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Бұл ережелер жасөспірімдердің қауіп төнген сәтте қиындықтан жол табуына көмектеседі. ІІМ қауіпсіздік ережелері жөнінде сабақ өткізу міндетін мектеп ұстаздарына жүктеген.