Lifestyle

Түркістанда 2,5 мың литр наурыз көже пісіріп, рекорд орнатпақшы

Түркістанда 2,5 тонна наурыз көже пісірмекші / Фото:  assembly.kz

19 наурызда Түркістанда жаңа туристік маусым басталады. Мереке қарсаңынды қала әкімдігі жаңа рекорд орнатуға ниеттеніп отыр.

Түркістан облысы туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов туристік маусымның ашылуына қатысты жоспарларын бөлісті. Салтанатты жиында ұлттық шығармашылық орталықтары, эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Барабанды шоу және ақындар кеші де дайындалып жатыр.

«Шара кезінде 2,5 мың литр наурыз көже пісіріп, қазақстандық рекорд жаңартылады», – деп атап өтті Нұрдәулет Медеуов.

Бұған дейін наурыз көже пісіруден Астана әкімдігі рекорд орнатқан. 2023 жылы мереке қарсаңында қаладағы «Байқоңыр» ауданының әкімдігі 2 100 литр көже дайындап, қала тұрғындарына таратқан еді. Екі тонна көжені он қазанға бөліп пісірген. Биыл түркістандықтар осы рекордты жаңартамыз деген ниетте.

Әз-Наурызда ел-жұртты таңғалдыруға ниетті тек олар ғана емес. Маңғыстауда бір уақытта 5000 адам ұлттық киім киіп, Гиннес рекордтар кітабына енбекші. Ол жобаға сіз де қатыса аласыз. Ол үшін мына сайтқа кіріп, 362 теңге жарнасын төлеп, тіркелуіңіз керек.