Жаңалықтар

Бизнеске қосылған құн салығын есептеп бере алатын 500 мың бухгалтер жетіспейді

бухгалтеры
Қазақстанда бухгалтерлер тапшы / Фото:shutterstock

20 мың адамнан тұратын Бухгалтерлер мен аудиторлар палатасы қосылған құн салығының көтерілуіне байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Олар елімізде қосылған құн салығын бойынша есеп жүргізе алатын бухгалтерлер жетіспегендіктен, жаңа өзгерістерді жүзеге асыру мүмкін емес деп есептейді.

Ұлысмедианың жазуынша, Альянс құрылтайшылары Альмира Шарафутдинова мен Гүлнар Бекенова президентке арнайы видеоүндеу жасаған.

«Қазақстанда 2 млн-ға жуық жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар, сондай-ақ 300 мыңға жуық бухгалтер бар. Яғни жеті кәсіпкерге бір бухгалтерден келеді. Бұл – норма, себебі көптеген кәсіпкер ҚҚС төлемейді, жеңілдетілген режиммен жұмыс істейді, бухгалтерлік есеп жүргізбейді. Шегін төмендеткен кезде көпшілігі ҚҚС төлейді, нәтижесінде Қазақстанда кемінде 500 мың бухгалтер тапшы болады. Бұрын ҚҚС-мен, оны есептеумен бетпе-бет келмеген кәсіпкерлер үшін қиын жағдай туындайды. Елде бухгалтерлік есептің дағдарысы болады», – деп түсіндірді Альмира Шарафутдинова.

Сарапшылардың сөзінше, егер Салық кодексін осы күйінде қабылдаса, әлеуметтік дүрбелең туындауы мүмкін. Себебі салық көтерілуінің салдарын қарапайым тұтынушылар сезінеді. Қазірдің өзінде қазақстандықтар үшін оңай емес, кейбір азаматтар азық-түлікті Kaspi Red-ке сатып алатын болған.

Бухгалтерлер альянсының көшбасшылары Тоқаевтан үкіметтік жоспарын тоқтата тұрып, мемлекеттік қазынаны толтырудың басқаша жолдарын қарауды ұсынды. Олардың сөзінше, шенеуніктерге тиімсіз бағдарламалар мен шараларды қысқарту арқылы бюджет шығынына ревизия жүргізе алады. Сондай-ақ контрабанда кесірінен миллиардтаған салықтық түсімдер жоғалып жатқан кедендік бақылауды күшейту қажет деп есептейді.

Жаңа Салық кодексінің құжаты қазір Мәжілісте талқыланып жатыр. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, қазір елдегі жеке кәсіпкерлердің 85%-ы жеңілдетілген декларация режимінде жұмыс істеп, жылдық табысы 15 млн теңгеден аспайды. Оның пікірінше, ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі кәсіпкерлерге қосымша ауыртпалық түсірмейді. Себебі ҚҚС төлейтін кәсіпкерлер субсидиялар мен мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алады.