«Самұрық-Қазына» ақпанда ғана меншіктеген кәсіпорыннан қайта бас тартты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
мархит
Фото:shutterstock

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры «Мархит» ЖШС-ның 100 пайыз акциясына иелік етуді доғарды. Бұл туралы Қазақстан қор нарығында жарияланған құжатта жазылған.

Ашық деректерге сүйенсек, «Мархит» ЖШС – бағалы және сирек кездесетін металл өндірумен айналысатын кәсіпорын. 2022 жылдың көктеміне дейін «Мархит» және «Топаз-НС» ,«Акмолит» компаниялары  Қайрат Сатыбалдының есімімен байланысты болған.

Forbes дерегі бойынша, ол «Көлік қызметі орталығы» компаниясына иелік еткен және оны осы аталған үш ЖШС арқылы бақылауда ұстаған. Ал орталықты Сатыбалды Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген Bridge Capital Investments Limited компаниясы арқылы басқарған.

2022 жылдан кейін істі болған Қайрат Сатыбалды мемлекеттен жымқырды деген миллиардтаған активін қайтарды. Оның арасында осы кәсіпорындар да бар.

Осы жылы ақпанда «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесі құны 491 267 000 теңге болатын қарапайым акцияны нарыққа шығарды. Оны қаржы министрлігі сатып алды және төлем ретінде осы үш компанияның 100 пайыз үлесін берген еді.

Солай 14 ақпанда үш кәсіпорын толықтай «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының иелегіне өтті. Енді неге «Мархит» ЖШС-ның құнды қағаздарынан қайта бас тартқаны әзірге белгісіз.

Сондай-ақ оқыңыз