
12 наурызда Таразда сеньорлар арасындағы кезекті Қазақстан чемпионаты аяқталды. 50 жас және 65 жастағы шахматшылар арасында классика, рапид және блиц бойынша үздіктер анықталды деп хабарлайды ҚР Шахмат Федерациясының баспасөз қызметі.
«Қазақстан шахматының еңбек сіңірген және танылған шеберлері Таразда өткен турнирде ойдағыдай тамаша ойын көрсетті. Әрдайым жоғары кәсіби деңгейді сақтайтын олар Қазақстан шахматшыларының өскелең ұрпағын тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Біз алдағы уақытта да Қазақстан шахматында ұрпақтар жалғастығы берік болуы, шахмат мектебіміздің өткенін, бүгіні мен болашағын біріктіруі үшін қажеттінің бәрін жасай береміз», – деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
50 жас санатындағы жарысқа 50-ден аса (оның тоғызы әйел), 65 жас санатында 47 шахматшы (оның жетеуі әйел) қатысты.
Турнир 3-11 наурыз арасында бір аптаға жалғасты. Швейцариялық жүйе бойынша 9 турмен өтті.
Турнирдің жүлде қоры – 3 млн теңге. Классикада жүлделі орын алғандарға 250 000 тг, 150 000 тг және 100 000 теңгеден бұйырды. Ал рапид пен блицте 60 000 тг, 40 000 тг және 25 000 теңгеден табысталды.
Айта кетейік, жақында ғана Прагада сеньорлар арасындағы командалық әлем чемпионаты өтіп, Қазақстан құрамасы қатысқан еді.