Бұрын 40 мың, енді 70 мың төледім. Су мен жылудың бағасы қашанғы өсе береді?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ыстық су мен суық судың бағасы неге өсті?Фото: shutterstock

Бір айдың ішінде елдегі ыстық су мен суық судың тарифі күрт өсті. Кейбір тұрғындарға бұрынғымен салыстырғанда екі есе баға келген. Неге су мен жылудың бағасы өсіп кетті?Жиналған тариф қайда жұмсалады? Kursiv.Мedia материалында ұсынамыз.

Ыстық суға 30 мың төле дейді

35 жастағы Альмира (есімі өзгертілді -ред.) отбасымен Алматыдағы ықшам аудандардың бірінде тұрады. 56 шаршы метрдегі пәтерге 6 адам тіркелген. Жаңа жылға дейін коммуналдық тарифтер үшін шамамен 40-45 мың төлейтін. Енді осы жылы ақпанда коммуналдық төлем үшін 61 мың теңге төлейсіз деген хабарлама келген. Оның ішінде бір ыстық су үшін 30 мың теңге төлеуі қажет.

Фото: Альмира ұсынған коммуналдық тариф түбіртегі

Альмираның айтуынша, қаңтарда ыстық су тарифі – 659,11 теңге болған. Ақпаннан бастап 696,93-ке яғни теңгеге өскен. Егер тұтынған ыстық су көлемі 23 текше метрден асып кетсе, онда тұтыну көлемі 756,40 теңгемен төлейді. Яғни тағы 60 теңге қосылады.

«Олар маған ақпанда 27,8 текше ыстық су пайдаландың, сол үшін 756 теңгеден төле дейді. Ал менің үйімдегі есептегіште мүлде басқа. Олар көрсеткенге қарағанда 16 текше метр аз. Сол үшін өзім тұтынған көлемді ғана төледім. Оның себебін білу үшін телефон соқсам, алмайды. Енді бару керек болды», – дейді Альмира

Осы жылдың бірінші ақпанынан бастап энергетика министрлігі энергия станциясындағы тарифті 20%-ға өсірді. Тиісінше ол станциялардан тұрғындарға баратын жарық пен жылу бағасы да көтеріледі. «Алматыжылу желісі» сайтында жазылғандай, текше метр үшін ыстық су бағасы 689 теңге деп бекітілген.

Бірақ бұл барлығы үшін бірдей тариф емес. Әрбір пәтерде су тұтынғанын бақылайтын жеке есептегіш құралдар болуы керек. Есептегіші бар үй мен есептегіші жоқ үйдің бағасы екі түрлі болады. Альмираның үйінде де есептегіш бар, бірақ баға әлдеқайда жоғары болып отыр.

Курсив Медиа осы мәселе жайлы «Алматыжылу желісі» мекемесіне хабарласып көрді, бірақ желілер бос емес.

Ақпанда коммуналдық тарифке 70 мың төленді

27 жастағы Арман (есімі өзгертілді -ред.) отбасымен 77 шаршы метр пәтерде тұрады. Ол үйге 5 адам тіркелген. Бұрын пәтердің коммуналдық төлеміне 30-40 мың теңге жұмсаса, ақпанда Арман 70 мың теңге төлеген. Барлығына себеп – суық су бағасы.

Фото: Арманның ақпан айында төлеген түбіртегі

Бірінші ақпаннан бастап суық су тарифі текше метр үшін 73 теңгеден (2024 жылдың күзі) 103 теңгеге өскен (2025 жылдың ақпаны). Яғни 39%-ға артқан.

Үйінде есептегіш орнатпағандар үшін де баға көтеріледі. Бұрын үйінде су есептегіш орнатылмаған тұрғындар әрбір текше метр үшін 147 теңге төлесе, осы жолы ол 255 теңгеге көтерілген. Су тұтыну нормасы бойынша әрбір адам 15 текше су тұтынады, демек орта есеппен әр адам суға 3089 теңге төлеуі керек деп бекітіледі.

Арманның жағдайында, оның үйіндегі есептегіштің мерзімі өтіп, жарамсыз болған. Сондықтан ол пәтер есептегіш орнатылмаған деген тариф бойынша есептелді. Артық 30 мың төлеуге мәжбүр болды.

Бірақ есептегіш орнатқаннан кейінгі баға түскен жоқ. Бұрын 40 мың теңге орнына коммуналды тарифтерге енді Арманның отбасы 50 мың теңге жұмсайды.

Тарифтер неге жаппай көтеріліп жатыр?

Негізі коммуналдық тарифтер көтерілетіні жайлы Үкімет бір жыл бұрын күзде ескертті. Сол кездегі ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жаңғырту бағдарламасы жайлы айтқан. Оның аясында 2029 жылға дейін тарифтер біртіндеп өседі. Соның есебінен коммуналдық тұрғын үй жүйесі жаңартылады, тозған инфрақұрылымды қалпына келтіреді.

Мәселен, бір ғана Алматыны сумен қамтамасыз ететін құбырлардың 54,2%-ы тозған. Кәріз жолдарының тозуы 56,6%-ды құрайды. Оның барлығын қалпына келтіру үшін жылына кем дегенде 104 шақырым желіні жаңалау керек. Бірақ «АлматыСу» өкілдері Байбазаров айтқан жаңғырту бағдарламасының аясында жыл сайын тек 20-25 шақырым құбырды қалпына келтіруге болатынын айтады.

Жылу тарататын электр станциясындағы жағдай да мәз емес. Энергетика министрлігінің мәліметінше, шикізат, көмір бағасы көтеріліп жатыр. Станциядағы қызметкерлердің жалақысы да төмен болғандықтан, кадр тапшы. Сондықтан былтырдан бастап тарифтер көтерді.

Алдағы уақытта тарифтер әлі де өсе түседі. Күні кеше KEGOC электр қуаты тарифтерін көтеретінін жариялады. Дегенмен компания өкілдері бұл өзгеріс тұтынушылардың бар болғаны 1,5-2%-на ғана әсер етеді деп сендіреді.

Жарық пен жылудың бағасына қатысты өзгеріс бұл ғана емес. Қазір тұрғын үй шаруашылық мәселелеріне қатысты заң жобасы парламентте талқыланып жатыр. Ондағы өзгеріс бойынша, тұрғын үй коммуналдық тарифтер айлық есептік көрсеткіш бойынша есептелетін болады

Сондай-ақ оқыңыз