Alibaba адам эмоциясын оқи алатын ЖИ жасап шығарды – R1-Omni

Жарияланды 12 Наурыз 2025 17:00

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
R1-Omni үлгісі адамның қандай көңіл-күйде екенін дәл анықтап береді / фото: sutterstock

Қытайдың Alibaba Group Holding Ltd компаниясы адам эмоцияларын оқи алатын жасанды интеллект (ЖИ) жасап шығарды. R1-Omni деп аталатын жаңа үлгі компьютердің көру қабілетін одан әрі арттыра түседі.

Технологияның көру қабілеті жоғарылайды

Bloomberg мәліметінше, R1-Omni үлгісін Alibaba-ға тиесілі Tongyi Lab зерттеушілері дайындаған. Жұмысты Цзясин Чжао басқарған. R1-Omni видеодағы адамның эмоциясына қарап қорытынды жасай алады. Бұған қоса, ол адамның киген киімі мен қоршаған ортаны сипаттап береді.

Мамандар R1-Omni компьютердің көру қабілетін тағы бір саты жоғарылатады деп есептейді.

Alibaba тұтынушыларға жаңа R1-Omni-ді Hugging Face платформасында тегін жүктеп алуды ұсынып отыр.

Жыл басында OpenAI өзінің GPT-4.5 үлгісін ұсынған. Алайда оны қолдану үшін айына 200 доллар төлеу керек.

Alibaba бір қадам алға шықты

Осылайша Alibaba-ның ЖИ саласында алдыңғы қатарға көтерілу ұмтылысы қарқын алып келеді. Желідегі саудада үздіктердің бірі атанған компанияның ЖИ нарығын бағындыруға да шамасы жетеді.

Бұған дейін Alibaba Group Holding жасанды интеллектіні дамытуға 53 млрд доллар салатынын мәлімдеген. Компания алдағы үш жылда ол ақшаға ақпаратты өңдеу орталықтарын салуды жоспарлап отыр.

Бұған дейін Kursiv.Media әлемді дүр сілкіндірген DeepSeek қалай жұмыс істейтіні туралы материал жариялаған.

Сондай-ақ оқыңыз