«Костенко» ісі: тараптар Qarmet компаниясын жәбірленушілер қатарынан шығаруды сұрады

Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы сотында «Костенко» шахтасында қаза тапқан кеншілердің ісі бойынша басты сот талқылауы басталды деп хабарлайды KursivMedia сот залынан.
Сотталушылар қатарында 10 адам бар. 74 адам жәбірленуші деп танылған.
Қылмыстық істі судья Бахтияр Ақанов қарап жатыр. Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай) бойынша айып тағылған.
Іс бойынша мемлекеттік айыптаушылар — Әділ Садықов және Бекзат Әшірбеков.
Qarmet АҚ өкілінен жәбірленуші тарап атынан компанияның адвокатын сот процесіне қатысуға рұқсат беруді сұраған өтінішхат түскен.
«Заңды тұлға іс бойынша жәбірленуші деп танылмаған. Алайда 2023 жылдың 25 желтоқсанындағы қаулы негізінде жәбірленуші «АрселорМиттал Теміртау» өкілі деп танылдым. Құрметті сот, біз өзімізді (жәбірленушіміз) олай санамаймыз. Сотқа дейінгі тергеу барысында бұл қаулы тергеу тарапының бастамасымен шығарылған», – деді компания өкілі.
Мемлекеттік айыптаушы Әділ Садықов өтінішхатты қанағаттандырмауды және Qarmet АҚ-ны жәбірленушілер қатарынан шығаруды сұрады.
«Осы тұста Qarmet АҚ өкілінің жәбірленуші өкілі деп қате танылғанын айта кету керек. Расымен де іс материалдарында Qarmet жәбірленуші деп танылмаған. Соған байланысты өтінішхатты қанағаттандырмай, Qarmet АҚ-ны жәбірленушілер қатарынан шығаруды сұраймын», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Сотталушылардың адвокаттары да бірауыздан Qarmet компаниясын жәбірленуші қатарынан шығаруды, алайда сот процесіне компания өкілінің қатысуына рұқсат беруді сұрады.
Судья Бахтияр Ақанов компания адвокатын жәбірленуші тарап өкілі ретінде сот процесіне қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхатты қанағаттандырмады. Судья жәбірленуші деп танылмаған жағдайда, оның өкілінің де сотқа қатысуына негіз жоқ деп тапты.