Кремль Украинамен уақытша бітімге келуге құлықты емес

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Мәскеу Украинамен уақытша бітімге келуді қаламайтынын жеткізіп, мәселені ұзақ мерзімді реттеуге мүдделі екенін мәлім етті.
Ушаков атысты уақытша тоқтата тұру мәселесін бейбітшілікке еліктеу әрекеті ретінде сипаттады.
«Біздің мақсатымыз – еліміздің заңды мүдделерін, біздің белгілі алаңдаушылықтарымызды ескеретін ұзақ мерзімді бейбіт реттеу деп санаймыз, біз соған ұмтыламыз. Бейбіт әрекеттерге еліктейтін қандай да бір қадамдар, менің ойымша, бұл жағдайда ешкімге қажет емес», – деді Ушаков «Россия-1» телеарнасына берген сұхбатында.
Ол АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уолтцпен әңгіме барысында Ресей Федерациясының мәселе бойынша ұстанымын баяндағанын атап өтті.
«Мен, әрине, уақытша бітімге келу туралы қол жеткізілген келісімдерге түсініктеме бердім, бұл украин әскерилері үшін уақытша үзілістен басқа ештеңе емес деген ұстанымымызды баяндадым», – дейді ол.
Бұған дейін Украина Сауд Арабиясында АҚШ-пен өткен келіссөзден кейін 30 күнге астысты тоқтатуға келіскен. Осыдан кейін АҚШ өкілдері Мәскеуге аттанған. АҚШ президенті егер Ресей бұл талаптарға келіспесе, санкция ретінше шара қолданатынын, алайда оған барғысы келмейтінін айтқан.