Белгілі публицист Марат Тоқашбаевтың шығармалар жинағы оқырманға жол тартты

Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстанның құрметті жазушысы, журналист Марат Тоқашбаевтың «Уақыт жебесі» деген атаумен бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға орай журналистің жеке қоржынындағы суреттерден көрме ұсынылды. Ол жерде аға буын қаламгерлермен, зерттеушілермен түскен бірегей фотолары мен шетелдік сапарлардың көріністері қойылды.

Бес томдыққа қаламгердің кейінгі 4-5 жылда қоғамдық-саяси тақырыптарда жазған мақалалары, берген сұхбаттары, әлеуметтік желідегі жазбалары мен ой-толғамдары енген.
Жинақтың мазмұнына шолу жасаған белгілі ғалым Бейбіт Қойшыбай көлемі екі мың беттен асатын бес кітапқа егемен елдің өсіп-өркендеуін, дербестікке аса қажет ұлттық идеологиясын қалыптастыру жолдарын қарастыратын талдаулар, сараптамалар, зерттеу еңбектері топтастырылғанын атап өтті.
Жинақтың «Ұлт мұраты – ұлттық мемлекет» деп аталатын алғашқы кітабында ұлттық мемлекет құрудың маңызы, оны құрудың шарттары сөз болып, өзі жасаған ұлттық идеология жобасы ұсынылған.
«Уақыт жебесінің» 2-ші томына «Тұғыры биік тұлғалар» деген ат берілген. Ол жерде Қазақстанның тәуелсіздігін қалпына келтіруге, ұлттық рухты сақтауға үлес қосқан жекелеген тұлғалар туралы жазған-сызғандары, зерттеулері, естелік-очерктері топтасқан.
«Алапат соғыс ақиқаты» атты үшінші томда автор совет-герман соғысының көпшілікке бәймәлім, құпия тұстарын тың деректер келтіру жолымен ашады.
«Диалогтар дүбірі» деп аталатын төртінші томында автордың тәуелсіздік жылдарында белгілі тұлғалардан алған, түрлі қызметте жүргенде өзі берген сұхбаттары, қаламгер жайында жазылған мақалалар мен өлеңдер жиналған.
«Бестомдықтың “Отбасылық өрнек» деген бесінші томында автордың той мәдениеті, әдет-ғұрып, салт-дәстүр ерекшеліктері, дін мен дәстүр, жоғары адамгершілік қасиеттері жайында ой толғамдары мен пікірлері тақырыптарға жіктеліп, топтастырылған.
Тұсаукесер жиынында зиялы қауым өкілдері журналистің шығармашылық қызметінде көтермен мәселелері, қозғаған тақырыптары туралы сөйледі. Әсіресе қаламгердің ұлттық мемлекет құру туралы ұтымды ойларын жоғары бағалап, қазақ журналистикасының ақсақалына «ұлттық идеяның туын көтеруші» деген баға берді.