
2025 жылғы 17 наурызда «Наурыз жұмыскер» бағыты бойынша өтінім қабылдау басталады. «Отбасы банкі» бағдарлама 2 440 жұмысшы маманды қамтиды деген жоспарлап отыр.
Кімдер қатыса алады
Өтінімді төмендегі салалардың қызметкерлері бере алады:
- ауыл, орман және балық шаруашылығы;
- тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу;
- өңдеу өнеркәсібі;
- электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтау;
- сумен жабдықтау; су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою жөніндегі қызмет;
- құрылыс;
- тасымалдау және сақтау.
Қалай өтінім берем
1-қадам. Банктің сайтында жұмысшы кәсіптері атауларының тізімінен өз кәсібінің атауын табу қажет. Тізімде 8 230 мамандық бар. Тізімді сілтеме арқылы жүктеп, көруге болады.
2-қадам. Мұнан соң банк сайтынан жұмыс орнынан алынатын анықтама шаблонын жүктеп, жұмыс берушіге жолығу қажет.
3-қадам. Жұмыс беруші өз ұйымын, компаниясын немесе кәсіпорнын Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші тізімінде болуын тексереді.
Егер үміткердің кәсібі жұмыс кәсіптері атауларының тізбесінде, ал кәсіпорын қызметінің түрі ЭҚТЖЖ тізімінде болса, онда жұмыс орнынан банктің үлгісі бойынша анықтама жасалуға тиіс.
4-қадам. Дайын анықтамамен үміткер 2025 жылдың 17 наурызынан бастап төлем қабілеттілігін растау және кредиттік өтінім беру үшін банктің жақын жердегі бөлімшесіне баруы қажет.
«Отбасы банк» басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов банк жұмысшы мамандықтардың өкілдеріне тұрғын үй жағдайларын жақсартуға көмектесуді міндет санайтынын айтады.
«Наурыз жұмыскер» арқасында биыл мыңдаған жұмысшылар қолжетімді шарттармен өз үйлерін сатып алуға мүмкіндік алады. «Наурыз жұмыскер» бағыты туралы барынша ақпараттандыру жүргізу үшін біздің қызметкерлеріміз 232 өнеркәсіп орындарына, зауыттар мен өндіріс орындарына барды. Еліміз бойынша тағы 600 компанияға бару жоспарлануда. Бұл ақпаратты оған шынымен мұқтаж адамдарға мақсатты түрде жеткізуге көмектеседі. Жұмысшы мамандықтар жылы біз көптеген қоныстойларын күтеміз» – деді Нұрлан Ақшанов.
Шарттары қандай
Несие мөлшерлемесі – әлеуметтік осал топтар үшін 7%, ал басқа санаттар үшін 9%.
Бастапқы жарна – таза әрлеудегі бастапқы пәтерлерге 10% -дан, әрленбеген бастапқы немесе қайталама нарықтағы пәтерді (моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде) сатып алу кезінде 20%-дан басталады.
Заемның ең жоғары сомасы – өңірлері үшін 30 млн теңге, Астана, Алматы қалалары үшін 36 млн теңге.
Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында тек бастапқы тұрғын үй сатып алуға болады. Оны бағдарламаға қатысушысы Баспана маркет порталынан таңдап, брондап, сатып ала алады.
Қайталама тұрғын үйді тек моноқалаларда және ауылдық елдімекендерде сатып алуға болады.
Үміткерлерге қандай талаптар қойылады
1. «Отбасы банкінде» депозитке ие болу. Депозит мерзімі маңызды емес, оны өтініш берер алдында ашуға болады.
2. «Отбасы банкіндегі» жинақ шотында кемінде 2 млн теңге болуы керек. Соманы бағдарламаға қатысуға өтініш берер алдында бір реттік төлеммен салуға болады;
3. Соңғы 5 жыл ішінде өтініш берушінің өзі мен оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үй болмауға тиіс.
4. Соңғы 6 айда ресми табысы болуы керек. Бұл ретте анықтама берілген жұмыс орнынан аударылған, кемінде соңғы үш айдағы міндетті зейнетақы жарналары болуы тиіс.
Бұған дейін, «Отбасы банктің» төрағасы Ләззат Ибрагимова «Наурыз» бағдарламасы мен «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының айырмашылығын айтып берген.