«Қыздар тұзаққа түсіреді, жігіттер тонайды». Алматыда осындай 26 адам ұсталды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
"Қыздар тұзаққа түсіреді, жігіттер тонайды". Алматыда 26 адам ұсталды
«Қыздар тұзаққа түсіреді, жігіттер тонайды». Алматыда осындай 26 адам ұсталды/Фото: Polisia.kz.

Алматыда танысу сайттары арқылы ер адамдарды алдап, тонап келген күдіктілер тобы ұсталды, – деп хабарлады Polisia.kz.

ІІМ ресми интернет ресурсы қаскөйлердің әрекет ету схемасы қарапайым, бірақ олар үшін тиімді болғанын атап өтті.

«Қыздар танысу сайттарында ер адамдардың назарын аударып, оларды жеке кездесуге шақырған. Кездесу барысында сыбайластары кенеттен шабуыл жасап, жәбірленушілердің ақшасы мен бағалы заттарын тартып алған» делінген хабарламада.

Алматы қалалық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаевтың айтуынша, жедел-іздестіру шаралары барысында осындай алты қылмыс жасағанын мойындаған 26 күдікті ұсталған.

«Күдіктілердің барлығы қамауға алынды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Мұндай әрекеттер тек құрбандарға ғана емес, жалпы қоғамға үлкен қауіп төндіреді, – деді Исаев.

Бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха интернет арқылы таныстықтың көбі қылмысқа ұласып жатқанын айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз