Ұлытау облысы тасқын қаупіне байланысты адам мен малды эвакуациялауға дайындалады

Ұлытау облысы тасқын қаупі жоғары аймаққа жатады. Облыс аумағында су тасу қаупі бар 27 елді мекен бар. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаев облысқа барған кезде айтылды.
Ұлытау облысында барлығы 15,7 шақырым бөгет пен 115 метр арық салынған. 5,8 шақырым канал, 1,3 шақырым арық және 281 бірлік су өткізу құрылыстары тазартылған.
Алайда соған қарамастан өңір тасқын қаупі жоғары аймаққа кіреді. Бүгінде су тасу қаупі бар 27 елдімекеннің 11-інде су басу қаупі сақталып отыр.
«Осыған байланысты, Қанат Бозымбаев қарғын судың еш кедергісіз ағып кетуі үшін өзен арналарын, нөсер ағындары мен су бұру арналарын тазарту жөніндегі бригадаларды ұйымдастыруды, сондай-ақ су қоймаларынан су ағызуды реттеуді ерекше бақылауға алуды тапсырды» делінген үкімет баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бозымбаев сапары барысында жергілікті әкімдікке қажет болған жағдайда адамдарды эвакуациялап, ойпатта орналасқан қыстаудан малды қауіпсіз жерге айдауды уақтылы жүргізу тапсырылған. Төтенше жағдайлар министрлігіне елдің оңтүстік өңірлерінен жеке құрам жіберіп, «Қазақмыс» корпорациясына су тасқынына қарсы жұмыстарға қажетті техника бөлуге нұсқау берілген.
Бұған дейін, елдің 8 облысына тасқын қаупі төніп тұрғаны хабарланған. Қазіргі өзінде Қызылорда мен Оралда қарғын су жолдарды шайып, қала көшелеріне жайылғаны белгілі болды.