«Жайлы мектептің» құны қымбаттатылған жоқ – Samruk-Kazyna Construction басшысы

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының құны мен қаржыландыруына қатысты сынға жауап берді.
«Самұрық-Қазына» «Время» газетінде ұлттық жоба бойынша 400 мектептің құрылысына бастапқыда бөлінген 1,6 трлн теңгені 1 трлн теңгеге қымбаттатқаны туралы ақпаратты терістеді.
Мәулен Айманбетов ұлттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі Үкімет қаулысының алғашқы нұсқасында 401 мектептің құрылысы мен олардың күтіп-ұсталуына 2,6 трлн теңге бөлінгені анық көрсетілгенін айтады.
Бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында оңтайландыру жүргізіліп, 2024 жылғы 19 желтоқсанда Үкімет қаулысына өзгерістер енгізіліп, мектептердің саны 217-ге дейін қысқарған. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысы бойынша 208 мектептің құрылысына 1,42 трлн теңге бөлінген.
Бұл қаражаттың 500 млрд теңгесі 2023 жылы бөлініп, толықтай игерілді. 2024 жылы бөлінген 639,7 млрд теңгенің бүгінде 88%-ы игерілді, ал 2025 жылға 283,5 млрд теңге қарастырылған.
«Былтыр «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Қаржылық мониторинг агенттігімен меморандумға қол қойды. Әрбір «Жайлы мектеп» жобасының сметалық құжаттамасы аталған орган мамандарының тексеруінен және сүзгісінен өтті. Сол себепті ұлттық жоба жасанды түрде қымбаттады, «майлы мектепке» айналды деген тұжырымдардың бәрі негізсіз» дейді Мәулен Айманбетов.
Сондай-ақ ол жекеменшік мектептер «Жайлы мектептерден» 4 есе арзанға түседі деген ақпараттың дұрыстығы да күмән тудыратынын мәлім етіп, Шымкентте бой көтерген екі мектепті мысал ретінде келтірді.
«Жайлы мектеп» жобасы биыл аяқталады. Былтыр аталған бағдарлама аясында салынуға тиіс мектептердің құрылысы басталмай, мерзімінен кешігіп жатқаны хабарланған.