Қазақстан 2028-2029 жылы жоғары табысты елдердің қатарына қосылуы ықтимал– ЕАДБ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
даму
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан 2028-2029 жылдары Дүниежүзілік банк классификациясы бойынша, жоғары табысты елдердің қатарына қосылуы мүмкін. Бұндай болжамды Еуразиялық даму банкінің (ЕАБР) сарапшылары жасап отыр.

Қазіргі жағдай қандай?

Қазір Қазақстан табысы ортадан жоғары елдер санатына кіреді. Бұл топқа жылдық жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табысы 4,5 мыңнан 14 мың АҚШ долларына дейінгі елдер жатады. Бұл шек инфляцияға байланысты жыл сайын қайта қаралады.

2023 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда жан басына шаққандағы жалып ұлттық табысы 10,7 мың долларды құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 11,5 мың долларға дейін өсті.

ЕАБР сарапшыларының есебіне сүйенсек, Қазақстанның бұл көрсеткіш деңгейі 2028-2029 жылдары жоғары табысты елдер санатына енуге мүмкіндік береді.

Экономика өсімін не әсер етеді

Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанның жаңа табыс деңгейіне көтерілуіне бірнеше фактор әсер етеді.

Біріншіден, экономиканың әртараптандырылуы және инвестициялық тартымдылықтың артуы маңызды рөл атқарады. 2024 жылы өңдеу өнеркәсібінде құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 180 инвестициялық жоба іске асырылып, саладағы өсім соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш – 6 пайызға жетті.

Екіншіден, өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі тұрақты өсіп келеді. Соңғы төрт жылда бұл көрсеткіш 2015-2019 жылдардағы орташа мәнмен салыстырғанда 1,7 пайыздық тармаққа артқан.

Үшіншіден, машина жасау саласының қарқынды дамуы байқалады. Бұл сектордың өнеркәсіп өндірісінің жалпы өсіміне қосқан үлесі 2019-2024 жылдары орта есеппен 3 пайыздық тармаққа дейін өсті, ал 2015-2019 жылдары бұл көрсеткіш шамамен нөлге тең болған.

Төртіншіден, үкімет экономиканы ырықтандыруға, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтуға және инвестицияларды ынталандыруға бағытталған ауқымды реформалар жүргізіп жатыр.

Инвестициялық бағдарламаларды қолға алмақ

Қазақстан Үкіметі бизнесті қолдауға арналған ауқымды бағдарлама іске қосып, жыл сайын 50 мыңнан астам жобаны қаржыландыруды жоспарлап отыр. 2027 жылға қарай бұл мақсатқа 10 трлн теңге бөлінеді.

ЕАБР сарапшыларының пікірінше, Қазақстанның жоғары табысты елдер қатарына қосылуы бірнеше жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Біріншіден, бұл халықаралық беделдің артуына ықпал етеді. Экономикалық даму деңгейі жоғары елдерге жаһандық инвесторлар көбірек қызығушылық танытады. Әлемдегі ең бәсекеге қабілетті 30 елдің басым бөлігі – жоғары табысты мемлекеттер.

Сонымен қатар, экономикалық тұрақтылық нығаяды. Жоғары табысты елдер дағдарыстар мен сыртқы әсерлерге төзімді келеді. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық тұрақтылығы кредиттік рейтингтің «upper medium» деңгейіне дейін өсуіне ықпал етуі мүмкін. Бұл елге арзан капитал тартуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Ұлттық банкінің болжамына сәйкес, 2025-2026 жылдары ел экономикасының өсімі 4,2-5,2 пайыз аралығында болады. 2027 жылы салық-бюджет саясатының реттелуіне байланысты ЖІӨ өсімі 4,5 пайыз деңгейінде қалыптасады деген болжам бар.

Сондай-ақ оқыңыз