Жаңалықтар

Қазақстандық компаниялардың акциясы төмендеуде

Фото: kursiv.media архивінен

Қазақстандағы ең негізгі өтімді 10 отандық компаниялардың акцияларын саралап көрдік. Жыл басынан бері 10 компанияның 8-і құнын жоғалтқан. Мәселен 11 наурыздағы жағдай бойынша жыл басынан бері Kaspi акциясы 10%-ға, Air Astana -9.51%, KazAtоmprom 7.59%, Freedom 4.93%-ға төмендеген.

Отандық компаниялардың акциялар нарығы / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Жыл басынан бері тек БЦК мен «Қазақтелеком» компаниясы акциялары 23,1 және 4,7% көтеріліп, оң динамикада қалып отыр.

Еліміздегі ең қымбат компаниялар / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Еліміздегі ең қымбат компаниялар

Қазақстан Қор биржасының мәліметінше, ең қымбат компаниялар тізімін Kaspi бастап тұр. Компанияның нарықтық құны 19,1 млрд АҚШ доллары. Бұл ресейлік Yandex-тің нарықтық құнымен шамалас. Kaspi акциялары Қазақстан қор биржасында (KASE) және Nasdaq қор биржасында  саудаланады. Компания финтех секторында жұмыс істейді және банк қызметтері, төлем платформасы және маркетплейс арқылы кіріс алады.

«ҚазМұнайГаз» қымбат компаниялар тізімінде екінші орында. Компанияның капитализациясы 17,8 млрд долларды құрайды. KMG акциялары соңғы жылдары тұрақты өсу динамикасын көрсетіп келеді. 2024 жылы акция бағасы айтарлықтай өсіп, 2025 жылдың басында да жоғары деңгейде сақталуда. Инвесторлар үшін бұл компанияның акциялары тартымды инвестициялық мүмкіндік ретінде қарастырылуы мүмкін.

«Қазатомөнеркәсіптің» акциялары 2024 жылдың соңында тарихи максимумға жеткенімен, 2025 жылдың басында бағалардың төмендеу үрдісі байқалады.

Инвесторлар үшін компанияның қаржылық көрсеткіштері мен нарықтық жағдайларын ескере отырып, инвестициялық шешімдер қабылдау маңызды. Урандық флагманның қазіргі таңда нарықтық құны 9,8 млрд АҚШ долларын құрайды.

Қазақстандағы ең ірі коммерциялық банк- Халық банктің капитализациясы 5,7 млрд долларға жетті. Halyk Bank акцияларының тұрақты бағасы мен жоғары нарықтық капитализациясы оны сенімді инвестициялық мүмкіндік ретінде көрсетеді. Сондай-ақ банк еліміздегі ең ірі табысқа ие болған компаниялардың бірі.

Freedom Holding corp. еліміздегі ірі компаниялардың бестігіне кірді. Фридом халықаралық қаржы тобы, брокерлік, банктік, дилерлік және депозитарлық қызметтерді ұсынады. Компанияның негізгі қызметі АҚШ қор нарығына бағытталған. Нарықтық құны 3,4 млрд долларды құрап отыр.

KASE INDEX / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

KASE индексі: ақпандағы құлдырау мен көтерілу

Жыл басынан бері KASE индексі (-2,24) тармаққа азайды. Әсіресе, ақпан айының ортасында индекс төмендеп кетті. Алайда ақпанның аяғы мен наурыздың басында бас индекстің жағдайы тұрақтанып келеді.

KASE индексі 5 651 тармаққа дейін 0,21%-ға көтерілді. Индекстің осы көтерілуінің негізгі драйвері «ҚазМұнайГаз» акциялары болды. Олардың бағасы 2024 жылдың өндірістік нәтижелерін жариялағаннан кейін, 4,8%-ға көтерілді. Мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 1,3%-ға ұлғайып, 23,8 млн тонна болды. Мұнай тасымалдау көлемі 3,9%-ға ұлғайып, 83,5 млн тонна болды.

Динамикасы жөнінен келесі орынға аталған сектордағы «ҚазТрансОйл» акциялары шықты, олардың құны 2,5%-ға көтерілді. Компания Қазақстан Республикасынан тыс жердегі экспорт бағыттары үшін «Ақтау» мұнай айдау станциясындағы теміржол цистерналарынан мұнайды ағызу жөнінен қосымша қызмет көрсетуге белгіленген тарифінің өзгеретінін хабарлады. Жаңа тариф 1 тонна үшін 625,36 теңге (ҚҚС қоспағанда) болады. 1 тонна үшін 375 теңге (ҚҚС қоспағанда) мөлшеріндегі қолданыстағы тариф 2023 жылдың 1 қаңтарында енгізілген.

Динамикасы жөнінен үшінші орынға AirAstana акциялары шықты, олардың құны 2,4%-ға көтерілді. Аталған әуекомпания төртінші тоқсандағы және өткен жылдағы қызметінің нәтижелерін 2025 жылдың 14 наурызында жариялайды.

Жаһандық депозитарлық қолхаттарды кері сатып алу бағдарламасы аясында Халық банкі 17-21 ақпан аралығында 567 мың долларға 28 мың меншікті бағалы қағазын кері сатып алды. ЖДҚ сатып алу бағасы 19,98 доллар мен 20,05 доллар аралығында болды. Банктің акциялары бір аптада 0,8%-ға өсті.

Сонымен қатар KASE индексіне кіретін басқа қаржы компаниялары акцияларының бағасы әртүрлі динамика танытты: ЦентрКредит Банкі акцияларының нарықтық бағасы 0,4%-ға қымбаттаса, Kaspi.kz акцияларының бағасы 2,2%-ға түсті. «Қазақтелеком» акциялары 1,5%-ға, яғни 45 255 теңгеге дейін өсті. Ал Kcell акциялары 0,4%-ға төмендеді.

KASE капитализациясы / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

KASE акциялар нарығының капитализациясы 32,1 трлн теңгені құрады. Бұл шамамен 65 млрд долларды құрап отыр. Осылайша Қазақстанның қор нарығы Орталық Азия елдеріндегі ең ірі нарық статусын сақтап отыр. 

Қазақстан қор нарығының өсімі ел экономикасына инвестициялар тартуға, капитал нарығын дамытуға және қаржылық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етті. Акциялардың өсуі халық арасында инвестициялық сауаттылықты арттырып, ұзақ мерзімді перспективада нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз етуі мүмкін.

Инвесторлар нарықтағы оң динамикаға сенім артып, жергілікті компанияларға инвестиция салуға ниетті болып отыр. Бұл үрдіс капиталдың ішкі нарыққа тартылуын арттырып, ұлттық экономиканың әртараптануына және тұрақты дамуына ықпал етеді.

Қазақстан қор нарығындағы ірі компаниялардың тұрақты өсуі мен жаңа инвестициялық мүмкіндіктердің пайда болуы елдегі қаржылық экожүйенің дамуын жеделдетіп, халықаралық деңгейде тартымдылығын арттыруда.