
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітте шәкірттерге аяғын уқалатқан Смановқа ескерту жасады. Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі хабарлады.
«Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы мешітте болған оқиға әлеуметтік желілерде тарап, қоғамның түрлі пікір қайшылығын тудырды. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті орында қоғам наразылығын тудырған әрекетке жол бергені үшін мешіт имамына ескерту жасады», – деп жазылған хабарламада.
Діни басқарма «құлшылық үйіне келген адам мешіт әдебін сақтауы тиіс» деп ескертеді.
Оқиға қай жерде болды?
Әбдіжаппар Смановтың мешітте аяғын уқалатып отырған видеосы Сарығаштағы медресе-колледжде 11 наурызда таң намазында түсірілген. Бұл мекеме Смановтар әулетіне қарайды. Ол жерде 400-ге жуық бала білім алады.
«Ол видео 11 наурызда таң намазынан кейін түсірілген. Намаздан кейін медреседегі шәкірттер жиналған, соларға уағыз айтқан», – дейді колледж өкілі Kursiv.Media тілшісіне.
Сарығаштағы медресе-колледж – Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы, Ынтымақ ауылында орналасқан. 2015 жылы Білім және ғылым министрлігінен мемлекеттік лицензия алған. Колледж тоғызыншы сыныптан кейін тек ер балаларды ғана қабылдайды. Қазір онда 400-ге жуық шәкірт білім алады. Медресе өкілінің сөзінше, барлығына шәкіртақы беріледі.
Жатақханасы, тамақтануы – тегін. Ол үшін мемлекеттік тапсырыстан миллиондаған қаржы алады. Түркістан білім басқармасы мен колледж арасындағы сатып алуды мына жерден толық қарауға болады. Сондай-ақ колледж өкілінің сөзінше, мекеменің жекеменшігінде егіндік жер, жылыжай және шаруашылық та бар.
ҚМДБ сайтындағы дерекке сенсек, медреседе 34 оқытушы бар. Олардың арасында Мысырдағы «Әл-Әзхар» университетінен келісімшартпен келген 2 араб оқытушы сабақ береді.
Смановтар әулеті жайлы не білеміз?
Смановтар әулеті – оңтүстік өңірде танымал отбасы. Ашық деректерге сенсек, олар сегіз ағайынды. Үш қыз, бес бала. Әулеттің ең үлкені Әбдішүкір Сманов ерте қайтыс болып кеткен.
Даулы видеоның кейіпкері болған Әбдіжаппар Сманов – белгілі имам, оның уағыздары интернетте кең таралған. Қазір Сарығаштағы медресе-колледжде шәкірттерге білім береді.
Әбдісаттар Сманов та Сарыағаштағы медресені басқарған. 2016 жылы қайтыс болды. 4 жылдан кейін 2021 жылы Шымкентте «Ғалым Әбдісаттар Шәкір Ешанұлы Сманов» атындағы мешіт ашылған. Ашылу рәсіміне бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы да келіп қатысқан еді.
Бауыры Әбдіғаппар Сманов та – Қазақстанға белгілі ұстаз, дін ғалымы. 2016 жылы Әбдісаттар Сманов қайтыс болғаннан кейін, Сарыағаштағы медресені басқарды. Бірақ ол 2020 жылы шілдеде қайтыс болды.
Қазір медресе колледжді Дінмұхамед Сманов басқарады, ол имам Әбдіжаппар Смановтың үлкен ұлы. Оның есімін Қайрат Сатыбалдымен де байланыстырады. 2019 жылы Түркістанда Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Сатыбалды Әбішұлы атындағы Ислам орталығы ашылды. Орданың жазуынша, орталыққа Дінмұхамед Сманов та жетекшілік еткен.