
Күнтізбеде түрлі атаулы күндер бар: кейбірі – мереке, ал басқалары – мейрам деп аталады. Қазақ тілінде бұл екі ұғым жиі қатар қолданылғанымен, олардың мағыналарында белгілі бір айырмашылық бар. Әсіресе, Наурыз мейрамы қарсаңында бұл тақырып өзекті бола түседі.
Мереке мен мейрам: мағыналық ерекшеліктері
Мереке – белгілі бір оқиғаны, жетістікті немесе тарихи датаны атап өтетін ресми немесе бейресми күн. Көп жағдайда, мерекелер еңбек заңнамасына сәйкес демалыс күні ретінде белгіленіп, ел көлемінде тойланады.
Мысалы
- Тәуелсіздік күні (16 желтоқсан) – Қазақстанның басты мемлекеттік мерекелерінің бірі.
- ҚР Конституциясы күні (30 тамыз) – елдің негізгі заңы қабылданған күн.
- 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – халықтар достығын дәріптейтін мереке.
Мейрам – халық арасында ұлттық, мәдени немесе діни тұрғыда ерекше аталып өтетін, салт-дәстүрге негізделген үлкен той-думан. Бұл ұғым көбінесе көне дәстүрлер мен сенімдерге байланысты іс-шараларды сипаттағанда қолданылады.
Мысалы:
- Наурыз мейрамы (22 наурыз) – көктем мен жаңару символы
- Құрбан айт, Ораза айт – діни мейрамдар.
- Сабантой (татар, башқұрт халықтарының егіншілікке қатысты мейрамы).
Наурыз – мейрам ба, мереке ме?
Наурыз – қазақ халқы үшін мейрам болып саналады, себебі бұл мерекенің тарихы мыңдаған жылдарға кетеді және ол белгілі бір саяси немесе тарихи оқиғаға байланбайды. Керісінше, бұл табиғаттың жаңаруы мен халықтың жаңа жылды қарсы алуына негізделген салт-дәстүрлерден бастау алады.
Сонымен қатар, Наурыз Қазақстанда мемлекеттік деңгейде аталып өтетін ресми мерекеге айналды, сондықтан заң жүзінде бұл күн мереке ретінде қарастырылады. Яғни, «Наурыз мейрамы» деп атау дәстүрлі тұрғыда дұрыс, «Наурыз мерекесі» деп айтуға да болады.
- Мереке – мемлекеттік немесе тарихи маңызды дата, ол заң жүзінде бекітіледі.
- Мейрам – халықтық дәстүрге негізделген, рухани және мәдени маңызы зор күн.
- Наурыз – мейрам, өйткені ол ұлттық дәстүр мен салтқа негізделген, бірақ мемлекеттік деңгейде мереке болып тойланады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Наурыз мейрамы туралы шығу тарихын жазған едік. Сонымен қатар Наурызға дайындық ретінде «Наурызнама» мен «Көрісу күні» мейрамдары тойланып өтеді.