Адам ағзасын саудалаумен айналысқан. ІІМ халықаралық қылмыстық топ мүшесін құрықтады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Адам ағзасын саудалаумен айналысқан қылмыстық топ мүшесі ұсталды
Адам ағзасын саудалаумен айналысқан қылмыстық топ мүшесі ұсталды / Фото: ІІМ

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің сұрауы бойынша адам ағзасын саудалаумен айналысқан халықаралық қылмыстық топ мүшесі Украина-Польша шекарасында ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚР Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұранысы бойынша Польша құқық қорғау органдары Украина-Польша шекарасындағы теміржол өткізу пунктінде 35 жастағы әйелді ұстады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Қылмыстық топқа қатысы бар бұл әйелге Қазақстанның құқық қорғау органдары 2020 жылдан бері халықаралық іздеуге жариялаған. Тергеу мәліметтерінде күдіктінің 2017-2018 жылдары аралығында Қазақстандағы медициналық мекемелерде заңсыз трансплантация операцияларын ұйымдастыруға көмектескені айтылған.

Бұл схемаға Израиль, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары тартылған. Күдікті әйел донорлар мен реципиенттерді қарсы алып, орналастырып отырған. Сонымен бірге донорлардың медициналық тексерістен өткізіп, шығындарын өтеп, оларды операцияға дайындаумен айналысқан.

«Қазіргі уақытта ұсталған күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Тергеу амалдары жалғасып жатыр», – делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз