Жаңалықтар

Досаев әкім болғалы жауы көбейгенін айтты

Досаевтың жауы
Досаевтың жауы көбейген / Фото: gov.kz; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың жауы көбейген. Бұл туралы әкім Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесу барысында айтты.

Досаев таулы аймақтарда құрылыс жүргізуге рұқсат бермеген сайын қарсыластар саны артқанын айтқан.

«Соңғы бірнеше жылда қанша жобаны мақұлдаудан бас тартқанымызды елестете де алмайсыздар. Қаланың таулы аймақтарында құрылыс жүргізуге рұқсат бермегенім үшін жауым көбейіп кетті», – деді әкім.

Әкім рұқсат бермегенімен, оның қарсыластары басқа жол тапқан. Әкімнің айтуынша, рұқсат қағазын ала алмаған құрылысшылар үйді жеке тұрғын үй құрылысы ретінде рәсімдеп, сатып алған адамдарға үлес ретінде бөліп береді.

Әкім таулы аймақтарда құрылыс жүргізу талаптарын барынша қатаңдатып жатқанын мәлімдеді.

«Біз заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгіздік және құрылыс ережесін қатаңдаттық. Қазіргі уақытта бұл ереже тау бөктерін тегістеуге, таулы аймақтағы жоталар жолағында, соның ішінде тау жоталарының 15 градустан асатын жерлерінде құрылыс жүргізуге тыйым салынды», – деді Досаев.